
ЖОЛАМАНОВ БЕКЕН ШАЙМАРДАНҰЛЫ
Классикалық ән орындаушы
Жоламанов Бекен Шаймарданұлы 1961 жылғы 4 қыркүйекте Павлодар облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Әуельбек ауылында дүниеге келген. 1970 жылы орта мектепті тәмамдап, 1980 жылы әскери қызметке шақырылды.
1983-1985 жылдары Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының опера студиясында білім алды.
1985-1988 жылдары жолдамамен Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда солист ретінде еңбек етті.
1988-1990 жылдары Алматы қаласындағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқыды.
1990-1995 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында кәсіби музыкалық білім алды.
1995-2006 жылдары Ж. Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында қызмет атқарды.
2012 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда академиялық ән салу солисі қызметін атқарып келеді.
Бекен Жоламанов беделді республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, жоғары санатты әртіс. Шығармашылық қызметі барысында бірнеше мәрте құрмет грамоталары мен дипломдармен марапатталған.
Павлодар облысының құрылғанына 75 жыл толуына орай мерейтойлық медальмен наградталған. Сондай-ақ Иса Байзақов атындағы филармонияның 75 жылдығына орай мәдениет, спорт, туризм және мемлекеттік қызмет саласы қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық бірлестігі тағайындаған «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.
Өзінің кәсіби білімін тұрақты түрде жетілдіріп отырады. 2022 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазіргі ақпараттық кеңістіктегі білім, өнер және мәдениет» тақырыбында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Бекен Жоламанов облыстық және республикалық деңгейдегі ірі мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Музыкалық өнер саласында терең әрі жан-жақты білімге ие.