"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


PHILHARMONIC MUSEUM

 

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы музейі 2024 жылдың соңында қалыптаса бастады. Оны құру идеясы филармония басшысы Амангелді Кожанов тарапынан көтерілді. Дәл осы кезеңде өңірдің басты концерттік-гастрольдік ұйымының тарихын жүйелі түрде қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.

  

Филармония өз тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Бірнеше рет орын алған өрттердің салдарынан құжаттар, реквизиттер, музыкалық аспаптар, афишалар, сахналық костюмдер жойылып, есептік материалдар мен маңызды құжаттар мемлекеттік архивке тапсырылмай қалған. Соның салдарынан тарихи мұраның едәуір бөлігі жоғалды.

   

Ең ауыр оқиғалардың бірі – 1966 жылғы ірі өрт. Сол кезде музыкалық аспаптар, сахналық костюмдер, афишалар, фотосуреттер, партитуралар, репертуарлық жоспарлар мен архивтік материалдар түгелдей жанып кеткен. 1990-жылдардың соңындағы экономикалық дағдарыс кезеңінде мекеменің қызметі іс жүзінде тоқтап, ұжымдар таратылып, артисттер жұмыстан босатылып, концерттік қызмет үзілді. Кейін бос тұрған ғимаратта тағы да өрт болып, мүлік толық жойылды. Артынша ғимарат жеке меншікке сатылып, филармонияның тарихи ізі мүлде үзілуге шақ қалды.

  

Осы жоғалтуларды түсіну үлкен зерттеу жұмысының басталуына түрткі болды. Филармонияның бас редакторы Салауат Темірболат-ұлы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде, Павлодар облысының мемлекеттік архивінде және Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларында жұмыс жүргізіп, бірегей тарихи құжаттарды анықтады.

Олардың қатарында 1941 жылғы 5 желтоқсандағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Павлодар филиалы уәкілі Михаил Гайгородецкийдің алғашқы бұйрықтары, филармонияның бір жылдығына арналған Еңбекшілер депутаттары кеңесінің құттықтау грамотасы, 1971 жылы ұжымға Иса Байзақов есімін беру туралы өтінішхат және өзге де маңызды тарихи айғақтар бар. Бұл құжаттардың көшірмелері болашақ музейдің алғашқы экспонаттарына айналды.

Музей қорының қалыптасуына филармония ардагерлері мен артисттері зор үлес қосты. Отбасыларында сақталған жеке жәдігерлер музейге табысталды.

  

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, симфониялық оркестрдің негізін қалаушы Болат Рахымжанов қолдан жасалған дирижерлік таяқшасын (оны еуропалық әріптестері сыйлаған), көне афишаларды, облыс әкімінің жылдық сыйлығының дипломын, фотосуреттер мен кітаптарды музейге тапсырды. Оның есімі павлодарлық оркестрді беделді сахналарда танытқан көркемдік жетекші әрі дирижер ретінде кеңінен белгілі.

Камералық хордың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Жармұхамбетова қолжазба ноталарды, концерттік афишалар мен күйтабақтарды сыйға тартты. Бүгінде ол жас орындаушылармен жұмысын жалғастырып, музей қабырғасында оқушылар мен студенттерге арналған тақырыптық кездесулерге қатысып келеді.

Үрмелі аспаптар оркестрінің негізін қалаушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Анатолий Оноприенко музей қорын өзі орындаған кларнетпен, фотосуреттермен және газет жарияланымдарымен толықтырды.

Джаз оркестрінің негізін қалаушы, «Құрмет» орденінің иегері Виктор Шейкин музейге «Ұлы даланың джаз әуендеріндегі музыкасы» атты авторлық ноталар жинағын, қолмен салынған портретін және архивтік фотосуреттерін табыстады. Оның еңбегі арқасында павлодарлық джаз өңір шеңберінен шығып, кеңінен танылды.

Виртуоз-саксофонист, Қазақстан мәдениетінің үздігі Юрий Халимон Германияда жасалған саксофонын, күйтабақтарын және 1996 жылы АҚШ-та жарық көрген журналды музейге сыйлады. Журналда Павлодар джаз-бенді Атланта қаласында өткен Әлемдік джаз фестиваліне қатысқаны туралы дерек бар.

  

Қазақстан мәдениетінің үздігі, өңірдегі алғашқы кәсіби қобызшылардың бірі Айнұр Қанаева белгілі шебер жасаған көне қобызды және кітаптарды музей қорына тапсырды.

Симфониялық оркестрдің бұрынғы концертмейстері, еңбек сіңірген педагог Яна Касьян шәкірттерін оқытуда пайдаланған скрипкасын сыйға тартты.

Симфониялық оркестрдің скрипкашысы Наталья Маурер Ахмет Жұбанов еңбектерінің алғашқы басылымдарын – «Ғасырлар пернесі», «Ғасырлар бұлбұлдары», «Құрманғазы» кітаптарын тапсырды. Бұл еңбектер бүгінде букинистік сирек басылымдар қатарына жатады.

Р. Омаров атындағы оркестрдің артисі Сауле Бекужина отбасылық патефон мен кітаптарын сыйға тартты. Музейде оның жеке музыкалық аспаптары – адырна мен жетіген де сақтаулы.

Филармония ардагері, солист Балғабай Макишевтің қызы Сауле Макишева әкесінің домбырасын, кітабын, құжаттары мен фотосуреттерін музейге табыстады.

  

2024 жылғы 31 желтоқсанда филармонияның тұрақты көрермені, құрылыс саласының ардагері Зинаида Васильевна Жукова бір чемодан винил күйтабақтарды, ашықхаттарды, самаурын мен «Юность» күйтабақ ойнатқышын сыйға тартты. Бұл сыйлық музей қорын толықтырудағы маңызды кезеңдердің бірі болды.

2025 жылдың күзінде, 84-ші шығармашылық маусым қарсаңында музейге 1893 жылы Германияда жасалған, тамаша сақталған көне пианино табысталды. Аспапты ақын Татьяна Окольничья сыйға берді. Пианиноның алғашқы иесі Павлодар қалалық думасының гласныйы, көпес Павел Матаганов болған. Кейін аспап Елизавета Дмитриевна Портноваға тиесілі болды. Бүгінде бұл қара түсті тарихи пианино музей экспозициясының шынайы інжу-маржанына айналды.

2025 жылғы қарашада тағы бір сирек жәдігер келіп түсті. Ақын, журналист әрі музыкант Хусаин Рамазановтың шөбересі Эльмира Хусаинова 1926 жылы Мәскеудегі «Гармония» кәсіпорнында арнайы тапсырыспен жасалған ғасырлық гармоньді музейге тапсырды. Сонымен қатар, гусли аспабы, фотосуреттер, өлең қолжазбалары, хаттар мен күнделік жазбалары берілді. Зерттеу нәтижесінде Хусаин Рамазановтың ХХ ғасыр басындағы атақты әнші Майра Шамсутдинова шәкірті болғаны және «Ертіс үстіндегі вальс» шығармасының авторы екені анықталды.

Бүгінде музей қорында филармонияның әр кезеңдегі қызметімен және Павлодар облысының музыкалық өнерінің дамуымен тікелей байланысты бірнеше жүздеген түпнұсқа жәдігер бар. Коллекция үнемі толықтырылып, зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Музей экспозициясында әр онжылдықтың фотосуреттері ерекше атмосфера қалыптастырады. Онда «Көгілдір Жасыбай», «Очи чёрные», «Огни Иртыша» вокалды-аспаптық ансамбльдерінің мүшелері бейнеленген. Бұл суреттер тек концерт сәттерін ғана емес, уақыт өте ұмыт қалған көптеген артисттердің есімдері мен келбетін қайта жаңғыртады. 60-70-80-жылдардағы эстрадалық музыканың гүлдену кезеңіндегі сән үлгісі – клеш шалбарлар, кең жағалы көйлектер, мини-юбкалар мен сол дәуірге тән шаш үлгілері – сол уақыттың тынысын сезіндіреді.

  

Музей қорындағы сирек кітаптар да ерекше құндылыққа ие. Олардың көбі – авторлардың көзі тірісінде жарық көрген алғашқы басылымдар. Кейінгі қысқартулар мен редакциялық түзетулерсіз шыққан бұл еңбектерде замандастарының алғысөздері, оқиға куәгерлерінің естеліктері мен дәуір үнін жеткізетін шынайы бағалар сақталған.

Архивтік құжаттар коллекцияда айрықша орын алады. Бұйрықтар, қызметтік жазбалар, шешімдер мен есептер филармонияның алғашқы басшыларының есімдерін, сондай-ақ әр жылдары өнер саласын басқарған тұлғалардың қызметін айғақтайды. Осы құжаттар арқылы өңір мәдениетінің қалай дамығанын, артисттердің алдына қандай міндеттер қойылғанын, репертуарлық саясаттың қалай қалыптасқанын және гастрольдік қызметтің қалай ұйымдастырылғанын көруге болады.

Музей қорының ауқымды бөлігін винил күйтабақтар құрайды. Онда еуропалық классикалық композиторлардың шығармалары, атақты скрипкашылар мен пианистердің орындаулары, сондай-ақ қазақ, татар, қытай, орыс, болгар, өзбек, сыған музыкасы мен кеңестік эстрада жазбалары сақталған. Бұл фонотека бірнеше буын тыңдармандары мен артисттерінің музыкалық талғамын көрсетеді.

  

Барлық осы аспаптар, фотосуреттер, кітаптар, құжаттар мен күйтабақтар уақыттың көпдауысты көрінісін жасайды. Олар филармония тарихын ғана емес, сол тарихты жасаған адамдардың жастығын, шығармашылық ізденісін және өңірдің музыкалық мәдениетіне қосқан үлесін айқын көрсетеді.

ISA PHILHARMONIC музейі – бұл жай ғана экспонаттар жиынтығы емес. Бұл – қайта оралған тарих, сақталған жады және Павлодардың музыкалық мәдениетін қалыптастырған әрі оны бүгін де дамытып келе жатқан жандарға көрсетілген құрмет.