"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


ТАРИХ

ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ФИЛОРМОНИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ

Павлодар облыстық филармониясының тарихы 1941 жылдың желтоқсан айынан бастау алады. Сол кезеңде қалада Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының филиалы құрылды. Соғыс жылдарының ауыр жағдайына, кәсіби мамандардың, музыкалық аспаптар мен реквизиттердің жетіспеушілігіне қарамастан, өнерпаздар мәдениетті халық арасына кеңінен таратуға бар күш-жігерін салды.

  

Павлодар филиалының уәкілетті өкілі қол қойған алғашқы бұйрық 1941 жылғы 5 желтоқсанда шығарылып, бүгінгі күнге дейін облыстық мұрағатта сақтаулы. Өз ғимараты болмаған шағын шығармашылық ұжым алғашқы күндерден бастап түрлі алаңдарда тұрақты түрде концерттер ұйымдастырып, әсіресе ауылдық өңірлерде белсенді өнер көрсетті.

1943 жылғы 13 тамызда Павлодар қалалық кеңесінің шешімімен ұйымға бұрын, 1937 жылдан бастап Қалалық пионерлер үйі орналасқан Ақ мешіт ғимараты жалға берілді. 1944 жылдың сәуір айында Павлодар облыстық атқару комитетінің өнер істері жөніндегі бөлімінің бұйрығымен филиал жанынан қуыршақ театры ашылды. Оның алғашқы жетекшісі эвакуациямен келген әртіс-қуыршақшы С. С. Катри́ч болды (кейбір мұрағат деректерінде – С. С. Кострич). 1946 жылдың сәуірінде филармония филиалы облыстық концерттік-эстрадалық бюро (КЭБ) болып қайта құрылып, ұйымның қызмет аясы, мүмкіндіктері мен міндеттері едәуір кеңейді.

   

1949 жылы КЭБ құрамында жергілікті кадрлардан жасақталған бірнеше концерттік ұжымдар жұмыс істеді. Олардың қатарында белгілі ақындар Байғабыл Жылқыбаев пен Қайырбек Тайкенов жетекшілік еткен қазақ концерттік бригадасы (құрамында төрт әнші мен баяншы), В. И. Денисов басқарған орыс концерттік бригадасы, сондай-ақ А. В. Герони, Л. М. Чжан, П. П. Симонов, К. Коломейцев, В. М. Лебковский және Л. П. Серов жетекшілік еткен алты концерттік-эстрадалық бригада болды. Әр ұжым 4–5 адамнан — жеке орындаушылардан, көркемсөз оқушыларынан және музыканттардан құралды. 1950 жылы барлығы 1000-нан астам концерт өткізілді, оның 61-і Павлодар қаласында, 949-ы ауылдық жерлерде ұйымдастырылып, 100 мыңнан астам көрерменге қызмет көрсетілді.

   

1965 жылғы 1 желтоқсанда филиалға дербес мәртебе беріліп, Павлодар облыстық филармониясы болып қайта құрылды. 1971 жылғы 9 наурызда көрнекті қазақ ақыны, композитор әрі әнші Иса Байзақовтың 70 жылдық мерейтойына орай филармонияға оның есімі берілді.

 

  

Филармония көп жылдар бойы өзіне тиесілі тұрақты концерт және репетициялық залдарға ие бола алмады. Ақ мешіт ғимаратынан кейін ұжым біраз уақыт қалалық бақ аумағындағы жазғы театрдың екі шағын бөлмесінде жұмыс істеді. 1965 жылы бұл ғимарат өртеніп, филармония Карл Маркс көшесіндегі ағаш үйге көшірілді. Кейін, 1971 жылдан бастап, Ленин көшесіндегі (қазіргі Астана көшесі) көпес Колмогоровтың үйінде орналасты. 1975 жылы бұл ғимарат бұзылғаннан кейін, филармонияға Кутузов көшесіндегі, Теміржолшылар мәдениет үйінің маңындағы бұрыштағы ғимарат берілді. Ал 1979 жылы ұжым 1915 жылы салынған көне кірпіш ғимаратқа қоныстанды (қазіргі Сәтбаев көшесі), онда бұрын Пионерлер үйі орналасқан еді. Бұл жерде филармония 1996 жылға дейін жұмыс істеді. Елдегі жалпы экономикалық дағдарыс салдарынан ұйым қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болып, шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар таратылды, ал ғимарат жекешелендірілді.

  

Әр жылдары филармонияда Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртістері, домбырашы Қали Дүйсекеев, әнші Батес Шайхина және басқа да көптеген дарынды өнер қайраткерлері еңбек етті. Камералық оркестрдің концерттері ерекше танымал болды. Сондай-ақ филармония сахнасында гастрольдік сапармен халық әртістері Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Людмила Зыкина, Бибігүл Төлегенова, Лев Лещенко, Әлібек Дінішев, Эдита Пьеха және өзге де әйгілі өнер жұлдыздары табысты өнер көрсетті.

    

Филармония өз тарихымен, бай шығармашылық дәстүрлерімен және өңір мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті әртістерімен мақтанады. Әр жылдары филармонияны төмендегі азаматтар басқарды: М. Гайгородецкий (1941 ж.), В. Лукашевич (1965–1966 жж.), У. Оспанов (1966–1971 жж.), В. Линчевский (1971–1984 жж.), В. Камерцель (1984–1994 жж.), М. Байжуманов (1994–1996 жж.), Б. Тапалшинов (1996–1998 жж.). 2012–2014 жылдары қайта жаңғырған филармонияның директоры қызметін Қазақстан Республикасының мәдениет саласының құрметті қайраткері М. Х. Байжуман атқарды. 2014 жылдан бері бұл үлкен шығармашылық бірлестікті кәсіби музыкант Қожанов А. Қ. басқарып келеді.

  

1970–1980 жылдары «Көгілдір Жасыбай», Гисман Домбровскийдің жетекшілігіндегі «Очи чёрные», «Огни Иртыша», «Фестиваль» вокалды-аспаптық ансамбльдері, сондай-ақ эстрадалық-цирктік топ зор танымалдыққа ие болды. Ерекше орын алған бағыттардың бірі — В. Н. Ющенко жетекшілік еткен музыкалық лекторий еді. 1974 жылы «Пионерия» балалар филармониясы ашылып, оның көркемдік жетекшісі әрі дирижёры И. Миронов, концертмейстері Е. Петухова болды, ал 1980-жылдары бұл ұжымға А. Кондрашов жетекшілік етті. Балалар филармониясы құрамында бес шығармашылық ұжым құрылды: «Колокольчики» және «Фантазёры» вокалдық ансамбльдері, балалар пионер хоры, орыс және қазақ халық аспаптар оркестрлері. Сонымен қатар филармонияда мектептік музыкалық лекторий белсенді жұмыс істеп, онда музыкатанушылар Т. И. Кузина, Л. Казакова, Н. Беляева және басқа да мамандар еңбек етті.

  

1990-жылдардағы күрделі экономикалық кезеңде филармония бірқатар объективті себептерге байланысты қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Ұжымның екінші тынысы 2012 жылғы 15 қыркүйекте ашылды. Осы уақыттан бастап көптеген бірегей концерттер ұйымдастырылып, әртістер беделді халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары атанды. 2017 жылғы 18 сәуірде қазақ халық аспаптары оркестрінің 10 жылдығына орай ұжымға Қазақ КСР-інің халық әртісі, аңызға айналған күйші-домбырашы Рүстембек Омаровтың есімі салтанатты түрде берілді.

  

Бүгінде үлкен шығармашылық бірлестіктің құрамында 10 ұжым қызмет етеді. Олардың қатарында Р. Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, симфониялық және джаз оркестрлері, камералық хор, «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі бар. Сондай-ақ көрерменге өз өнерін «Ретро» вокалдық тобы, «Samyan» ерлер квинтеті, «Tabriz» вокалдық тобы, «Нұр» және «Шернияз» би ансамбльдері тарту етеді. Жарқын да әсерлі дауыстарымен, ерекше харизмасымен павлодарлықтар мен қала қонақтарын жас әрі талантты академиялық, эстрадалық және халық әншілері тәнті етуде.

Ұжым өз ардагерлерін ерекше мақтан тұтады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, камералық хордың негізін қалаушы Жармұхамбетова Мадина Қайырбекқызы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, симфониялық оркестрдің негізін қалаушы Рахимжанов Болат Сағатұлы, «Құрмет» орденінің иегері, джаз оркестрінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Шейкин Виктор Тимофеевич, Павлодар қаласы әкімінің қолдауымен құрылған үрмелі аспаптар оркестрінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Оноприенко Анатолий Федорович және басқа да көптеген өнер майталмандары бар.

Иса Байзақов атындағы филармония әртістері шығармашылық ізденістен танбай, көрерменді жаңа батыл көркемдік шешімдерімен және тың идеяларымен үнемі таңғалдырып келеді. Бүгінгі Павлодар филармониясы — үздік шығармашылық дәстүрлер мен заманауи креативті ойдың үйлескен орталығы. Үнемі жаңарып отыратын репертуар мен жаңа концерттік бағдарламалар көрерменнің зор қызығушылығын тудырады. Мұнда өнерге деген сүйіспеншілікке, шығармашылық рухқа, отандық және әлемдік музыка, вокал және хореографияның озық дәстүрлеріне деген ерекше құрметке толы атмосфера қалыптасқан.