"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


ФЕСТИВАЛЬДЕР МЕН БАЙҚАУЛАР

Павлодарлық камералық хор «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты

Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармония камералық хорының артисттері Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі» халықаралық фестивалінде өңірдің музыкалық өнерін лайықты деңгейде таныстырды. Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Мадина Нұрғожинованың жетекшілігіндегі шығармашылық ұжым бірнеше тың әрі әсерлі нөмір ұсынды. Ал аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының әндерінен құралған попурри орындалғанда, көрермендер залды дүр сілкіндірген қошеметке бөледі. Жиналған жұрт әнге қосылып, кейбірі тіпті би билей жөнелді.

Қазылар алқасының құрамына отандық мамандармен қатар Түркия мен Оңтүстік Кореядан келген көрнекті мәдениет қайраткерлері енді. Жоғары орындаушылық шеберлігі, өзіндік ерекшелігі және хор өнерінің дәстүрлеріне деген ұқыпты көзқарасы үшін павлодарлық артисттер II дәрежелі дипломмен марапатталды.

Айта кету керек, Ақтөбеге сапар алдында ұжым мүшелеріне арнайы жаңа концерттік костюмдер тігілді. Көркем безендірілген сахналық киімдердің авторлары – филармонияның костюмерлері мен қаладағы ең көне «Стиль» ательесінің шеберлері.

«Хор фестиваліндегі өнер көрсетуіміз ерекше жылы әрі шабыт сыйлаған сәт болды. Ұжым біртұтас, әсерлі әрі шынайы музыкалық деңгейде үн қатты. Біз шығармалардың сипатын да, эмоциялық тереңдігін де жеткізе алдық деп ойлаймын. Хор ішіндегі өзара түсіністік пен көрерменнің ықыласы қуантты. Бұл бізді сахнаға жетелейтін басты себеп. Барлық қатысушыларға еңбегі мен бірлескен шығармашылығы үшін алғыс айтамын», - деді ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мадина Нұрғожинова.

Сондай-ақ ол жерлестеріне және Иса Байзақов атындағы филармония әкімшілігіне көрсеткен үлкен қолдауы мен ықыласы үшін ризашылығын білдірді. Павлодар мен Ақтөбе арасы шамамен екі мың шақырымды құрайды. Ұжымды толық құрамда батыс өңірге алып бару үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде өткен халықаралық хор фестивалі Қазақстан кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылды.

    

 

«Ретро» тобы «ULY DALA UNI» фестивалінде сәтті өнер көрсетті

«Ретро» вокалдық тобы Алматы қаласында үлкен табыспен өнер көрсетті. «ULY DALA UNI» атты II халықаралық вокалдық-хор өнері фестивалі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында өтіп, ансамбль бірнеше шығарма орындап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

«Барлығы жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыру тамаша, қатысушылардың барлығы дарынды, шығармашыл жандар. Осындай ауқымды шараға қатысу – үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Біз туған Павлодарымызды, сүйікті филармониямызды таныстырғандықтан, тыңғылықты дайындалдық. Қазылар алқасы мен көрермендерден жылы пікір алдық, зал бізді зор ықыласпен қарсы алып, ұзақ қол соқты. Бұл – әр әртіс үшін ең қымбат баға», – деді ансамбльдің көркемдік жетекшісінің міндетін атқарушы Вероника Федулова.

Онымен бірге сахнада Екатерина Романенко, Камила Мусина және Юлия Цюняк өнер көрсетті.

«Павлодардың талантты музыканттары туралы естуші едік, бірақ бүгін сіздер вокалдарыңызбен, сахналық образдарыңызбен және репертуарларыңызбен баршаны тәнті еттіңіздер. Алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілеймін», – деді марапаттау рәсімінде Тұрым Алагөзов.

Фестиваль ауқымы кең, оған мыңнан астам қатысушы жиналды. Сахнада 45 хор және вокалдық ұжым өнер көрсетті. Аида Балаева мұндай мәдени шаралардың маңызын ерекше атап өтті.

«Фестиваль Құрманғазы атындағы консерватория қабырғасында екінші рет өтіп отыр. Бұл хор өнерін дамытуға, шығармашылық байланысты нығайтуға және халықаралық мәдени диалогты кеңейтуге үлкен мүмкіндік. Жоба бір сахнада кәсіби музыканттар мен жас орындаушыларды, үздік шығармашылық ұжымдарды тоғыстырады», – деді министр.

Фестиваль аясында тыңдалымдар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қонақтар қатарында Братислава Орындаушылық өнер академиясының өнертану докторы Милан Колена, дирижер әрі опера әншісі, «Италия жұлдызы» орденінің иегері Батыржан Смақов және өзге де танымал мамандар болды.

«Мұндай шараға қатысу шығармашылық дамудың маңызды кезеңі, үлкен тәжірибе әрі алға ұмтылуға серпін. Біз сахнаның нағыз майталмандарымен, дарынды жастармен таныстық. Басқа қатысушыларды тыңдап, олардың идеяларынан, батыл шешімдерінен шабыт алдық. Бұл тәжірибе алдағы жұмысымызда міндетті түрде пайдасын тигізеді. Ұйымдастырушыларға және филармония басшылығына қолдау үшін алғысымыз шексіз», – деді ансамбль мүшелері.

Қатысушыларды марапаттау рәсімі Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залы сахнасында өтті. Павлодарға оралған соң, ұжым келесі айда өтетін концертке дайындықты жалғастырады.

«Ретро» вокалдық тобы 1997 жылы құрылған. Содан бері құрам бірнеше рет өзгергенімен, таңдалған жанрға адалдық сақталып келеді. Репертуарының негізін 60–80 жылдардағы әндер құрайды. Ерекшелігі – жанды орындау мен көпдауыстылық. Ұжым түрлі байқаулар мен фестивальдердің лауреаты, белсенді гастрольдік қызмет жүргізіп, өңір мен елдің маңызды мәдени шараларына тұрақты қатысады.

 

 

Қазақстанның үздік жас пианистері Павлодар филармониясында марапатталды

 

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концерт залында жас пианистер арасында өткен VII республикалық «Отанның әні» байқауы өз мәресіне жетті. Биыл оған 101 музыкант қатысты. Аға жас санатындағы қатысушылар кәсіби Steinway роялінде өнер көрсетті. Бұл олар үшін жағымды тосынсый болып, фортепиано музыкасының қуаты мен әсемдігін толыққанды танытуға мүмкіндік берді.

Ауқымды шығармашылық дода Павлодар музыкалық колледжінің ұйымдастыруымен өтті. Байқау сегіз номинация бойынша өткізілуде. Бұған дейін филармония сахнасында жас академиялық орындаушылар өз шеберліктерін көрсетсе, бұл жолы кезек пианистерге берілді.

«Жылдың осындай тамаша мезгілінде Павлодардың жоғары өнерді бағалаушылар үшін қуатты тартылыс орталығына айналып отырғаны қуантады. Бірнеше күн қатарынан кәсіби ұжымдар мен жастар оркестрлерінің концерттері өтуде, сонымен қатар қала еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас дарындарды беделді байқауға жинады. Атырау, Алматы, Жезқазған, – география ауқымды. Ауылдық жерлерден келген балалардың көптігі де қуантады. Бұл өте жақсы! Барлығы да дарынды. Мұнда тамаша колледж бар, ал филармония концерт залының акустикасы керемет! Балаларға мұнда өнер көрсету үлкен қуаныш сыйлап, жарқын естеліктер қалдырды деп ойлаймын», - деді қазылар алқасының төрайымы, Астанадан келген танымал пианист Асель Дауренбекова.

Байқаудың ең жас қатысушысы – 6 жаста, ал ең үлкені – 19 жаста. Бірінші орын иегерлерінің қатарында Қарағанды облысы Теміртау қаласынан келген Мила Щекач бар.

«Қазақ шығармасын және Pierre Sancan-ның «Toccata» туындысын орындадым. Толқыдым, бірақ өзімді жинай алдым. Рояль маған өте ұнады, мұндай аспапта алғаш рет ойнадым. Бұл – керемет әсер! Барлығы өте жақсы өтті», - деп әсерімен бөлісті Теміртау қаласындағы Ғ. Жұбанова атындағы өнер мектебінің 9-сынып оқушысы Мила Щекач.

19 жастағы Нурилло Абдимажитов байқауда Дәулеткерейдің «Кереоглы» күйі мен Ференц Листтің «Венгр рапсодиясын» орындады. Оған байқау атмосферасы да, Павлодардағы серуен де ерекше ұнаған. Ол өз жас санатында үздік атанды.

«Мен бұл байқауға бала кезімде де қатысқанмын, енді міне қайта келдім. Дайындалып, барымды салдым, еңбегім жоғары бағаланды. Павлодар маған ұнайды: қала әдемі, әрі басқа қалаларда жоқ ерекшелігі – трамвай бар. Соған мініп, ерекше әсер алдым. Өзені кең, адамдары мейірімді, мәдениетті. Музыкалық өмірі де жақсы дамыған, керемет концерттер өтеді», - деді Шымкенттен келген жас пианист-виртуоз.

Аға жас санатында павлодарлық фортепиано мектебінің үш өкілі жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік көрсетті.

«Ұстазыммен бірге Мендығалиевтің «Домбыра туралы поэмасын» және Скрябиннің «Этюдін» таңдадық. Өз орындауыма көңілім толды, қазылар алқасы да еңбегімізді жоғары бағалады. Қорқыныш болған жоқ – мақсатыма сенімді түрде бардым. Нәтиже еңбегімізді ақтады деп есептеймін», - деді Павлодар музыкалық колледжінің студенті Жансая Ныгмет.

Қазылар алқасының мүшелері байқаудың балалардың отандық музыкалық мұраға деген қызығушылығын арттыратынын ерекше атап өтті. Бұл жолы филармония сахнасында биыл 120 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатқан көрнекті өнер қайраткері Ахмет Жұбановтың шығармалары бірнеше мәрте орындалды.

«Байқау – үлкен тәжірибе алмасу алаңы, ол дамуға зор серпін береді. Алғашында толқисың, кейін қатысушылармен танысып, залдағы көрермендердің ықыласын сезінгенде, атмосфера жеңілдей түседі. Мен Жұбановтың «Тәжік биін» орындадым. Бұл шығарма маған өте ұнайды. Ол ұлы тұлға, сондықтан оны нашар орындау мүмкін емес», - деді Павлодар колледжінің бірінші курс студенті Алиса Чистова.

Байқаудың идеялық жетекшісі – белгілі музыкант, педагог, кезінде филармония симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы болған, Павлодар музыкалық колледжінің ішекті аспаптар бөлімінің меңгерушісі Яна Касьян. Жеті жыл ішінде бұл жоба көптеген жас таланттардың қалыптасуына жол ашты.

«Бұл байқаудың жоғары беделі мен кәсіби деңгейі қалыптасқан. Қайта-қайта келіп қатысатын балалар бар – біз олардың өсуін көріп отырмыз. Алғашында бір нәрсе шықпай жатса, кейін үлкен жетістіктерге жетеді. Бұл бала мен ересек, сондай-ақ балалардың өзара диалогына арналған бірегей алаң. Мұнда достық орнап, жаңа жобалар мен бастамаларға жол ашатын қолайлы орта қалыптасады. Жеке өзім үшін байқаудың филармония қабырғасында өтуі ерекше қуаныш. Балалар үлкен сахнаға шығып, атақты музыканттар өнер көрсететін жерде ойнайды, Steinway роялінде өнер көрсетеді. Бұл — керемет аспап, оны кез келген адамға сеніп тапсыра бермейді, бірақ біздің балаларға мүмкіндік берілді. Мұндай аспапта ойнау үлкен жауапкершілік жүктейді, әрі бұл оларды шабыттандырып, сенімділік береді, нағыз шеберліктерін көрсетуге ықпал етеді», - деді Павлодар музыкалық колледжінің фортепиано бөлімінің меңгерушісі.

Өткен жылдар ішінде «Отанның әні» байқауы еліміздегі ең маңызды байқаулардың біріне айналды. Оған тек Қазақстаннан ғана емес, көршілес Ресей өңірлерінен де жас дарындар қатысуға ұмтылады.

«Филармония мен колледж – жоғары өнердің, ең алдымен классикалық музыканың насихатшылары. Біз үшін мүмкіндігінше көп адамның, әсіресе балалар мен жастардың классикалық музыкамен қауышуы маңызды. Бұл бүгінгі қарқынды технологиялық даму заманында аса өзекті. Күнделікті қарбалас пен асығыстықта дәл өнер адамға күш-қуат беріп, шабыт сыйлайды. Бізде колледжбен бірлесіп «Самға» жобасы көп жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Ол дарынды балалар мен жастарды қолдауға және дамытуға бағытталған. Біз қажетті жағдай жасауға тырысамыз: аспаптармен, залмен қамтамасыз етеміз, жас музыканттарды үлкен концерттерге, кәсіби оркестрлер құрамында өнер көрсетуге шақырамыз. Бұл олардың әрі қарай дамуына, өзіне деген сенімінің артуына ықпал етеді. Елімізде осындай талантты жастардың көп екені қуантады», - деді филармония басшысы Амангелді Қожанов, қатысушылар мен қазылар алқасын байқаудың сәтті аяқталуымен құттықтап.

Байқау қатысушылары сондай-ақ филармония музейіне барып, оның бай тарихымен танысты. Биыл филармония екі бірдей маңызды датаны – құрылғанына 85 жыл және Иса Байзақов есімі берілгеніне 55 жыл толуын атап өтуде.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Наурыз мерекесінде «Отанның әні»: Павлодарда жас академиялық солистердің республикалық байқауы өтті

 

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концерт залында Қазақстанның жас академиялық солистері арасында өткен VII республикалық «Отанның әні» байқауы сәтті аяқталды. Жыл сайын ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келе жатқан шығармашылық сайыстың ұйымдастырушысы – Павлодар музыкалық колледжі.

«Академиялық вокал» аталымы бойынша тыңдаулар дәстүрлі түрде өңірдің басты концерттік-гастрольдік ұйымының сахнасында өтті.

«Колледж бен филармонияның ортақ әрі маңызды міндеті – дарынды шығармашыл жастарды қолдау және дамыту. Бізде «Самға» арнайы бағдарламасы бар. Сондықтан жыл сайын байқау күндері кәсіби артисттер үлкен сахнаны өнер жолын енді бастап келе жатқан жас музыканттарға ұсынады. Филармонияның мәртебесі мен мұнда кәсіби орындаушылардың өнер көрсететіні бұл шараға ерекше рух пен әсер береді», – деді филармония басшысы Амангелді Қожанов.

Қазылар алқасының төрайымы, музыкалық колледждің вокал өнері бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әлжанованың айтуынша, биыл «Академиялық вокал» аталымына еліміздің әр өңірінен шамамен 50 қатысушы өтінім берген. Ең жасы – 12-де, ең үлкені – 25 жаста.

«Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар төрт жас санатына бөлінеді, сондай-ақ ансамбльдер жеке өнер көрсетеді – биыл әсем дуэттер мен триолар ұсынылды. Репертуар жас ерекшелігіне қарай күрделене түседі. Міндетті түрде еуропалық классика мен романстар орындалады. Байқау «Отанның әні» деп аталатындықтан, әр қатысушының бағдарламасында қазақтың ұлттық шығармалары мен заманауи отандық авторлардың туындылары міндетті түрде қамтылады», – деп түсіндірді Гүлмира Әлжанова.

Қазылар алқасының шешімімен биыл Гран-при берілмеді. Әртүрлі аталымдар бойынша бірінші орын иегерлері: Қуляш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Арайлым Байгулова, Павлодар музыкалық колледжінің студенті Ансар Смағұл, Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінің студенті Бекзат Мұсабеков, Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжінің студенті Берік Шынтемір.

«Мен бұл байқауға алғаш рет академиялық әнші ретінде қатыстым. Екі сүйікті шығармамды орындадым – қазақтың халық әні «Гүлдерайым» және барокко дәуірінің италиялық композиторы Алессандро Скарлаттидің «Le violette» туындысы. Маған бәрі өте ұнады, қатты қуаныштымын. Павлодар – әсем қала, байқаудың осындай жарқын мереке күндерінде өткені ерекше әсер қалдырды. Барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Баршаңызға амандық, денсаулық және шабыт тілеймін. Осындай тамаша байқауға қатысу мүмкіндігі үшін алғыс білдіремін», – деді Астанадан келген жас қатысушы Арайлым Байгулова.

Жүлдегерлер мен лауреаттарды марапаттауға білім беру саласының құрметті қызметкері, байқаудың идеялық жетекшісі әрі бастамашысы Яна Касян, Павлодар музыкалық колледжінің вокал өнері бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әлжанова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші-педагог Малика Казмагамбетова, сондай-ақ белгілі академиялық солист, педагог Алижан Казбеков қатысты.

«Жыл сайын жаңа есімдерді көріп, танысып жатамыз: біреулер алғаш рет келсе, енді бірі осы атмосфераны қайта сезіну үшін қайта оралады. Біздің елде болашағына нық қадам басқан дарынды музыкалық жастардың көптігі қуантады. Кімде-кімді бөле-жара айту қиын – барлығы талантты, әрқайсының дауысы әсем, ал байқаудың географиясы кеңейіп келеді. Байқау – ол байқау, қатысудың өзі — жеңіс. Жастарға тоқтамай, шабыттанып, шыңдалып, жаңа шығармашылық белестерді бағындыруды тілейміз», – деді Иса Байзақов атындағы филармонияның жетекші солисі, баритон Алижан Казбеков.

Айта кетейік, өткен жылы «Отанның әні» байқауының Гран-при жүлдесін Астана қаласының өкілі, Қуляш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің вокал факультетінің студенті, 18 жастағы Мұхаммад Колдас иеленген болатын. Ол Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні мен Антонио Кальдараның «Sebben crudele» секілді классикалық шығармаларды жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасын тәнті еткен еді.

     

 

      

 

      

 

    

 

    

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы