
ЖАРМҰХАМБЕТОВА МАДИНА ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, камералық хордың негізін қалаушы
Жармұхамбетова Мадина Қайырбекқызы Ресей Федерациясының Новосібір облысы, Татарск қаласында дүниеге келген. Жалпы білім беретін мектепті аяқтаған соң Павлодар қаласындағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищенің хор дирижерлігі бөліміне оқуға түсті.
1970-1975 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алды.
Еңбек жолын 1975 жылы Жезқазған қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде бастады.
1978 жылдан бастап Павлодар қаласындағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищеде хор дирижерлігі бөлімінде хор пәндерінен сабақ берді. Осы кезеңде оның педагогикалық шеберлігі мен хор өнерін терең меңгерген кәсіби болмысы айқын қалыптасты.
1994 жылы қазақ халық аспаптары бөлімінің базасында аралас хор ұйымдастырып, ұжым облыстық және республикалық фестивальдер мен байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанды. 1998 жылы Астана қаласында өткен Павлодар облысының Мәдениет күніне арналған концерттік бағдарламаға қатысты.
2002 жылы Павлодар облысы Мәдениет департаментінің камералық хорының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Ұжымның басты мақсаты – әлемдік хор өнерін насихаттау, сондай-ақ қазақ музыкасының бай мұрасын кәсіби академиялық деңгейде сақтау және дамыту болды.
2012 жылдан бастап Мадина Қайырбекқызы Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының камералық хорының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен ұжым жоғары кәсіби деңгейге көтеріліп, өзіндік көркемдік бағытын қалыптастырды.
2019 жылы камералық хорды өзінің шәкірті – Мадина Қанатқызы Нұрғожиноваға табыстап, орындаушылық және педагогикалық дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз етті.
Мадина Жармұхамбетова Павлодар облысы мен тұтас Қазақстанның музыкалық өнерінің дамуына зор үлес қосты, өңірдегі хор өнерін жаңғыртып, оған жаңа көркемдік серпін берді. Бүгінде ол жас артисттер үшін тек ұстаз ғана емес, кәсіби мәдениет пен өнерге адал қызмет етудің үлгісі болып саналады.
Оның мәдени мұраға деген ұқыпты әрі парасатты көзқарасы музыканттар мен көрермендердің эстетикалық талғамын қалыптастырып, ұлттық және әлемдік рухани құндылықтарға деген құрметті арттырады. Үнемі кәсіби білімін жетілдіре отырып, ол жас буынға жан-жақты қолдау көрсетіп, шәкірттерінен ең жоғары орындаушылық және көркемдік талаптарға сай болуды талап етеді.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен отандық музыкалық өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі мен көпжылдық жемісті еңбегі үшін Мадина Қайырбекқызы Жармұхамбетоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары құрметті атағы берілді.