"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


Симфониялық оркестр

СИМФОНИЯЛЫҚ ОРКЕСТР

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының симфониялық оркестрі – Қазақстанның академиялық музыка өнеріндегі жарқын шығармашылық орталықтардың бірі, өзіндік көркемдік болмысы мен танымал орындаушылық мектебі қалыптасқан кәсіби ұжым.

 

Оркестр 2003 жылы құрылып, еліміздегі төртінші кәсіби симфониялық ұжым ретінде тарихқа енді. Оның негізін қалаушы – дирижёр, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Сағатович Рахимжанов. Маэстро ұжымның тек ұйымдастырушылық іргетасын қалап қана қоймай, оның дыбыстық философиясын айқындады: кең тынысты симфониялық ойлау, еуропалық нақтылық, форма айқындығы және терең эмоциялық әсер.

 

2003 жылғы 20 қарашада өткен алғашқы концерт республикалық деңгейдегі маңызды мәдени оқиғаға айналды. Жас оркестрге қолдау көрсету үшін елге танымал өнер қайраткерлері арнайы келді. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының сахнасында жаңа ұжыммен бірге әлемге әйгілі қазақстандық скрипкашы Марат Бисенгалиев өнер көрсетті. Оның халықаралық сахнадағы табысты шығармашылық жолы Еуропадағы қазақстандық орындаушылық мектептің мойындалуының айқын белгісіне айналды. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Джамиля Баспақова, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (қазіргі – Қазақстанның халық артисі) Шахимардан Әбілов те сахна төрінде өнер көрсетті.

 

Сол кездің өзінде-ақ Павлодарда ірі симфониялық формалармен еркін ойлай алатын кәсіби оркестрдің қалыптасқаны анық байқалды. Ұжым репертуары ұлттық музыка жауһарларын, еуропалық классикалық мұраны – веналық мектептен бастап романтикалық симфонияларға дейінгі шығармаларды, сондай-ақ заманауи композиторлардың, оның ішінде қазақстандық авторлардың туындыларын қамтиды. Бағдарламаларда ансамбльдік мәдениеттің жоғары деңгейін, интонациялық дәлдікті және оркестрлік фактурамен нәзік жұмысты талап ететін күрделі партитуралар орындалады.

Ұжым Қазақстан сахналарында ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де тұрақты түрде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетіп келеді. Оркестр тарихындағы айрықша белестердің бірі – Италияның ең ірі сахналарындағы концерттер. Әлемге опера өнерінің дәстүрін сыйлаған, еуропалық музыкалық театрдың канондарын қалыптастырған елде павлодарлық музыканттардың өнер көрсетуі тыңдарман мен кәсіби қауым тарапынан зор ықыласқа ие болды. Италиялық аудитория оркестрдің тембрлік байлығын, ішекті аспаптар тобының қанық үнін және орындаудың драматургиялық тұтастығын ерекше атап өтті.

 

Германиядағы концерттер «Wegatherfriends» бірлескен жобасы аясында халықаралық музыка фестивалінде болды. Сондай-ақ, Ландау, Шпейер қалаларында мастер-класстар, Нойштадт қаласында шығармашылық кештер өтті.

Оркестр заманауи музыка өнерінің көрнекті өкілдерімен белсенді шығармашылық байланыс орнатқан. Олардың қатарында:

Марат Бисенгалиев, халықаралық байқаулардың лауреаты (скрипка), Ұлыбритания

Владимир Дё, халықаралық байқаулардың лауреаты (скрипка), Филадельфия, АҚШ

Сергей Стадлер, Ресейдің халық артисі (скрипка), Санкт-Петербург

Даниил Крамер, Ресейдің халық артисі (фортепиано), Мәскеу

Евгений Михайлов, Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Қазан мемлекеттік консерваториясының профессоры (фортепиано), Қазан

Леонтий Вольф, дирижёр, Израиль

Ренат Салаватов, дирижёр, Қазан

Евгений Шестаков, дирижёр, Омбы

Нуржамал Үсенбаева, Қазақстанның халық артисі (сопрано)

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі

Игорь Гаврыш, Ресейдің халық артисі, Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры (виолончель)

Нати Гейл, халықаралық байқаулардың лауреаты (тенор), Израиль

Илларион Давыдов, халықаралық байқаулардың лауреаты (саксофон), Израиль

Дмитрий Даниленко, халықаралық байқаулардың лауреаты (тенор), Мәскеу, және Қазақстан мен шет мемлекеттердің басқа да талантты артисі.

Осындай шығармашылық кездесулер әрдайым мәдениеттер мен орындаушылық мектептердің диалогына айналып, ұжымның көркемдік көкжиегін кеңейте түседі.

Оркестр артистері – еліміздің және шетелдің жетекші музыкалық жоғары оқу орындарының түлектері. Жас музыканттарды кәсіби қалыптастыруда С.Торайғыров атындағы Павлодар университетімен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Мұнда аспаптық орындаушыларды кәсіби даярлау жүзеге асырылады.

Филармонияның симфониялық оркестрі мәдени тәрбие, интеллектуалдық сұхбат және рухани кемелдену кеңістігін қалыптастырып келеді. Әр концерт аймақтың музыкалық ортасын дамытуға ықпал ететін маңызды оқиғаға айналып, Павлодардың еліміздің академиялық өнер орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.

Оркестр дәстүрді сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басып, қазақстандық симфониялық мәдениеттің жаңа беттерін жазуды жалғастыруда/

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының симфониялық оркестрдің дирижеры – Диас Усенов.