
ШЕЙКИН ВИКТОР ТИМОФЕЕВИЧ
«Құрмет» орденінің иегері, джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері
Шейкин Виктор Тимофеевич 1949 жылғы 9 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген.
1964-1968 жылдары П. И. Чайковский атындағы Павлодар музыкалық училищесінің үрмелі аспаптар бөлімінде білім алды.
1968-1972 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында «Кларнет» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби музыкант ретінде қалыптасты.
1973-1974 жылдары Орта Азия әскери округі қатарында әскери борышын өтеп, Алматы қаласындағы штаб оркестрінде саксофоншы қызметін атқарды.
Әскери қызметтен кейін туған жері Павлодарға оралып, 1974 жылдан бастап П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищеде ұстаздық қызмет атқарды. 1985 жылы эстрадалық бөлім ашылған кезде студенттік оркестр ұйымдастырып, жас музыканттардың шығармашылық қалыптасуына жол ашты. Бұл ұжым өңірдегі кәсіби джаз қозғалысының бастауына айналды.
Виктор Тимофеевич – Павлодар өңірінде кәсіби джаз мектебін қалыптастырған тұлға. Оның шәкірттері бүгінде Қазақстанның және шетелдің түрлі қалаларында танымал музыканттар, дирижерлер мен педагогтар ретінде еңбек етуде. Ол шәкірт тәрбиелеуді өнерге адал қызмет етудің маңызды миссиясы деп біледі.
1996 жылы оның бастамасымен құрылған студенттік джаз-бэнд Қазақстандағы джаз ұжымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып АҚШ-та өткен Дүниежүзілік джаз оқытушылары қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық фестивальге қатысып, ел мәдениетін жоғары деңгейде таныстырды.
2012 жылдан бастап Виктор Шейкин – Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері.
Виктор Шейкин – Қазақстандағы тұңғыш ноталық жинақтың авторы:
«Ұлы даланың әуендері джаз бояуында». Бұл бірегей жинақ – қазақ халық әндері мен күйлерін, сондай-ақ заманауи отандық композиторлардың шығармаларын джаз оркестріне лайықтап аранжировкалау бағытындағы көпжылдық еңбектің нәтижесі. Аталған еңбек отандық джаз өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан маңызды әдістемелік әрі көркемдік басылым болып табылады.
Шығармашылық жетістіктері мен марапаттары:
– 1996 жыл – АҚШ, Атланта қаласында «Джаз білімін дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін» халықаралық марапаты;
– 2010 жыл – «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалі;
– 2012 жыл – «Павлодар облысының 75 жылдығы» мерейтойлық медалі;
– 2013 жыл – «Жыл таңдауы» республикалық қоғамдық сыйлығы («Мәдениет» номинациясы);
– 2015 жыл – Х халықаралық «Джаз бомонд» фестивалінің дипломы;
– 2017 жыл – «Палитра джаза – 2017» халықаралық фестивалінің лауреаты;
– 2018 жыл – халықаралық аспаптық және вокалдық өнер байқау-фестивалінің Гран-при иегері;
– 2018 жыл – «World of Art 2018» халықаралық жобасының «Джаз оркестрінің дирижері» номинациясы бойынша дипломы мен сертификаты;
– 2021 жыл – «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі;
– 2022 жыл – «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісі;
– 2025 жыл – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» ордені.
Виктор Шейкин – Қазақстандағы джаз өнерін дамытуға және насихаттауға зор үлес қосқан, кәсіби қауымдастықта үлкен беделге ие көрнекті тұлға. Оның жетекшілігіндегі ұжым Павлодар облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналды.
Оркестр республикалық және халықаралық деңгейдегі ауқымды мәдени жобаларға, мемлекеттік және жалпыфилармониялық концерттерге тұрақты түрде қатысып келеді. Ұжым жыл сайын жаңа, тың әрі бірегей концерттік бағдарламалар әзірлеп, есептік концерттер арқылы өз шығармашылық деңгейін айқын көрсетіп отырады.
Виктор Тимофеевич – жоғары тәртіпті, ұйымдастырушылық қабілеті зор, талапшыл әрі принципшіл жетекші. Ол ұжым ішінде нақты әрі жүйелі жұмыс тәртібін қалыптастырып, артисттердің кәсіби және тұлғалық дамуына ерекше мән береді. Филармонияның репертуарлық саясатын қалыптастыруға белсенді қатысып, өңірдің үлкен шығармашылық қауымдастығының өмірінде маңызды рөл атқарады.
Маэстро үнемі шығармашылық ізденісте. Ол репертуарға заманауи, батыл әрі концептуалды композициялар енгізіп, олардың бейімделуі мен аранжировкасын өзі жүзеге асырады. Оркестр шығармашылығында әлемдік джаз дәстүрлері мен қазақтың ұлттық музыкалық мұрасы үйлесімді үндесіп, жаңа көркемдік сипатқа ие болады.