
ШАВРИН БОРИС БОРИСОВИЧ
Симфониялық оркестр әртісі
Шаврин Борис Борисович 1947 жылғы 25 сәуірде Павлодар қаласында дүниеге келген. 1963-1967 жылдары П. И. Чайковский атындағы Павлодар музыкалық училищесінде білім алды. Оқу орнын аяқтаған соң «Оркестр артисі, көркемөнерпаз үрмелі оркестрдің жетекшісі, балалар музыка мектебінің оқытушысы» біліктілігі берілген диплом иеленді.
1967-1969 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери-үрмелі оркестр құрамында қызмет атқарды.
1969-1976 жылдары Павлодар қалалық спорт комитетінде нұсқаушы-әдіскер болып жұмыс істеді.
1976-1981 жылдары Павлодар трактор зауытының Трактор жасаушылар сарайындағы үрмелі оркестрдің жетекшісі болды.
1981-1985 жылдары «Транссельхозтехника» өндірістік бірлестігінің үрмелі оркестрін басқарды.
1985-1993 жылдары Павлодар химия-механикалық техникумының үрмелі оркестрінің жетекшісі қызметін атқарды.
1993-1994 жылдары Павлодар алюминий зауытының мәдени-спорт кешенінде артис болып еңбек етті.
1994-1996 жылдары «Ридо» ЖШС кәсіпкерлік кооперативінде музыкант ретінде жұмыс істеді.
1997 жылдан бері Ж. Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында оркестр артисі қызметін атқарады.
2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның симфониялық оркестрінде артис болып еңбек етуде.
Борис Борисович үрмелі аспаптар тобының барлық түрлерін (труба in B, in C, in D, in F) еркін меңгерген, бұл оған кез келген дәуір партитурасының талаптарына – бароккодан бастап заманауи музыкаға дейін – оңай бейімделуге мүмкіндік береді.
Филармония оркестрінің концерттерінде Д. Бержапраков, Р. Салаватов, Ш. Қалдаяқов, Т. Қажығалиев, Ж. Муса, И. Бах, Л. Бетховен, Дж. Верди, К. Сен-Санс, А. Дворжак, С. Рахманинов, П. Чайковский, Ф. Легар, А. Бабаджанян, А. Зацепин, И. Штраус, Дж. Россини, Я. Сибелиус, Ж. Бизе, А. Хачатурян, В. Моцарт, М. Глинка, И. Брамс, Ф. Лист, К. М. Вебер және басқа да көптеген әйгілі еуропалық, орыс және отандық композиторлардың шығармаларын орындады.
Белгілі дирижерлер мен солистер қатысқан ауқымды концерттік бағдарламаларға қатысты, олардың қатарында: Алан Киркоп (дирижер, Мальта), Эльдар Сапарбаев (виолончель, дирижер, Хорватия), Руслан Баймурзин (дирижер, Астана), Аршат Шарип (дирижер, Алматы), Меруерт Карменова (скрипка, Бельгия), Қанат Омаров (дирижер, Алматы) бар.
2022 жылы «Қазіргі ақпараттық кеңістіктегі білім, өнер және мәдениет», 2024 жылы «Қазіргі әлемдегі мәдениет пен өнердің рөлі» тақырыптары бойынша С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
2023-2024 жылдары Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның симфониялық оркестрі құрамында Италия қалалары бойынша гастрольдік сапарға қатысты.
Борис Шаврин облыстық және республикалық деңгейдегі дипломдармен және грамоталармен марапатталған. Иса Байзақов атындағы филармонияның 75 жылдығына орай мәдениет, спорт, туризм және мемлекеттік қызмет саласы қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық бірлестігі тағайындаған «Еңбек даңқы» төсбелгісімен наградталған.