
РАҚЫМЖАНОВ БОЛАТ САҒАТҰЛЫ
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері симфониялық оркестрдің негізін қалаушы
Рақымжанов Болат Сағатұлы 1958 жылғы 2 қаңтарда Павлодар қаласында дүниеге келген.
Музыкалық білімін П. И. Чайковский атындағы Павлодар музыкалық училищесі алып, 1980 жылы «хор дирижерлігі» мамандығы бойынша тәмамдады.
1985 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясынің хор дирижерлігі факультетін аяқтады. 1988 жылы Мұхтар Ашрафи атындағы Ташкент мемлекеттік консерваториясында «опера-симфониялық дирижерлік» мамандығы бойынша оқуын бітірді.
2001 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дирижер болып қызмет атқарды. 2001-2003 жылдары К. Байсейітова атындағы Қарағанды симфониялық оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі болды.
2003 жылы Болат Сағатұлының тікелей қатысуымен Павлодар облысының симфониялық оркестрі құрылды. Бұл өңір тарихындағы осындай ауқымдағы алғашқы кәсіби ұжым еді. Құрылған сәттен бастап ол оркестрдің бас дирижері қызметін атқарды.
Симфониялық оркестрдің құрылуы облыс мәдениеті үшін маңызды оқиға болды. Ұжымның басты мақсаты – тыңдармандарды әлемдік және отандық классикалық музыканың үздік үлгілерімен таныстыру. Маэстроның жетекшілігімен оркестр ондаған ауқымды концерттік бағдарламаларды ұсынып, Қазақстан бойынша және шетелдерде, соның ішінде Италияда гастрольдік сапарлар жасады, кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Қазіргі таңда ұжым құрамында 60-қа жуық артист бар және ол еліміздегі жетекші симфониялық оркестрлердің бірі саналады.
2012 жылдан бастап Болат Сағатұлы Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы симфониялық оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі болды. Осы кезеңде оркестрдің шығармашылық әлеуетін дамытып, репертуарын кеңейтуге және халықаралық байланыстарын нығайтуға үлес қосты.
Концерттік қызметімен қатар педагогикалық жұмыспен де айналысты. 2003 жылғы тамыз айынан бастап С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музыкалық білім беру кафедрасында (кейін орындаушылық өнер кафедрасы) дәріс берді. 2010 жылы университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен профессор академиялық атағы берілді.
Ұзақ жылдар бойы Болат Сағатұлы өзін жоғары кәсіби деңгейдегі педагог ретінде танытты. Терең білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және шығармашылық көзқарасымен ерекшеленіп, әріптестері мен студенттері арасында зор беделге ие болды. Симфониялық оркестр базасында студенттер кәсіби тәжірибеден өтіп, бұл олардың орындаушылық шеберлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін 2005 жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Павлодар облысы мен Павлодар қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.
Болат Сағатұлы Рақымжанов Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының ардагері, өңірдегі симфониялық өнердің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Қазіргі уақытта құрметті демалыста болса да, ұжым өміріне белсенді қызығушылық танытып, шығармашылық бастамаларды қолдап келеді. Ол көптеген буын музыканттары үшін өнерге адалдықтың және кәсіби биіктіктің үлгісі болып табылады.