"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


ПЕРЕВЕРЗЕВА ЛЮБОВЬ БОРИСОВНА

ПЕРЕВЕРЗЕВА ЛЮБОВЬ БОРИСОВНА

Симфониялық оркестр артисі

Переверзева Любовь Борисқызы 1955 жылғы 6 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген. 1962 жылы Павлодар қаласындағы №15 орта мектептің 1-сыныбына қабылданды. Музыкамен 9 жасынан бастап айналыса бастады, скрипка пәні бойынша алғашқы ұстазы – Юзбашибекова Элеонора Гасановна.

1970-1974 жылдары П. И. Чайковский атындағы Павлодар музыкалық училищесінде скрипка мамандығы бойынша білім алып, «Оркестр артисі, балалар музыка мектебінің оқытушысы» біліктілігін иеленді.

1976-1982 жылдары Павлодар педагогикалық институтында оқып, оқу орнын аяқтаған соң орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алды.

Еңбек жолын 1974 жылы Щербакты кентінде скрипка пәнінің оқытушысы ретінде бастады. Кейін Торғай облыстық драма театрының оркестрінде артис болып қызмет етті.

1975-2007 жылдары Павлодар қаласындағы №2 балалар музыка мектебінде еңбек етті. 2007 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін Павлодар қаласындағы №3 балалар музыка мектебінде скрипка пәнінің оқытушысы қызметін атқарып келеді.

2003 жылдан бастап Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның симфониялық оркестрінде екінші скрипкалар тобының артисі болып жұмыс істейді. Мәдениет саласындағы жалпы еңбек өтілі – 51 жыл.

2024 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазіргі әлемдегі мәдениет пен өнердің рөлі» тақырыбында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Еңбек жолында республикалық және облыстық деңгейдегі көптеген грамоталармен, дипломдармен, сондай-ақ Павлодар облысының 75 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталған. Бірнеше буын дарынды жас музыканттарды тәрбиелеп, үлкен өнер жолына бағыт берді.

Любовь Борисовна аспапта орындаудың берік техникалық дағдыларына ие, түрлі орындаушылық тәсілдерді еркін меңгерген, тұрақты интонацияны, дәл ырғақты және жоғары музыкалық мәнерлілікті көрсетеді. Репетиция барысында мұқияттылық танытып, дирижер талаптарына жедел жауап береді, динамика, фразировка және дыбыс сипаты бойынша берілген нұсқауларды дәл орындайды.

Филармониядағы қызметі кезеңінде симфониялық оркестрдің барлық концерттік бағдарламаларына, сондай-ақ ұжымның гастрольдік, оның ішінде шетелдік сапарларына белсенді қатысып келеді.