"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


«NAURYZ & JANARU»

2026 жылғы 22 наурыз                                                               Павлодар қ.

 

«NAURYZ & JANARU»

көктемнің, жаңарудың және бірліктің мерекесі

 

Басталуы: 12:00

Өтетін орны: Иса Байзақов атындағы филармония ғимараты алдындағы алаң

Мекенжайы: Назарбаев даңғылы, 1

Наурыз – табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың бастауы, өмір мен үйлесімнің салтанаты. Көп жылдан бері филармония бұл мерекені көрермендерімен бірге – жылылықпен, шынайылықпен, достық пен музыкаға толы ерекше атмосферада қарсы алып келеді.

Павлодарлықтар мен қала қонақтары үшін артисттер ұлттық дәстүрлер мен әлемдік музыкалық мәдениетті тоғыстырған жарқын, мазмұны бай концерттік бағдарлама әзірледі. Филармония ғимараты алдындағы алаңда көрермендерді Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татуға шақыратын дәстүрлі дастарқан күтіп тұрады.

Концерт бағдарламасында Абайдың нәзік лирика мен терең философияға толы «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Көзімнің қарасы» әндері орындалады. Мерекелік бояуды заманауи және эстрадалық шығармалар толықтырады. Көрермендер көктем мен махаббатты жырлайтын әсерлі әрі шуақты әндерді тыңдай алады: «Наурыз көктем», «Бақыт құшағында», «Қош келдің, көктем!», «Наурыз думан». Бұл туындылардан жаңару, қуаныш пен үмітке толы көңіл күй сезіледі, ол мереке рухымен үндеседі.

Бағдарламаның ерекше көркіне айналатын аспаптық нөмірлер де ұсынылады. Француз классикасының лирикалық әуені – Юбер Жироның «Париж аспаны астында» шығармасы мен Жозеф Косманың әйгілі «Сарғайған жапырақтар» композициясы концертке еуропалық нәзік реңк сыйлайды.

Сахнада филармонияның жетекші артисттері өнер көрсетеді: Айбар Ашкеев, Нұржан Сарқамбаев, Шолпан Ақылбек, Жанболат Байсолтан, Сәуле Мүсіпова, сондай-ақ аспаптық орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар. Әрбір нөмір – жылылыққа, шынайылыққа және дәстүрге деген құрметке толы жеке бір көркем әлем.

«NAURYZ & JANARU» мерекелік концерті – бұл жай ғана музыкалық бағдарлама емес, бұл мәдениетпен, дәстүрмен және халықтың рухымен жүздесудің жарқын сәті. Бұл – жаңа жылды бірге қарсы алып, қуанышпен бөлісіп, бірлікті сезініп, шабыт алудың тамаша мүмкіндігі.

Көктемнің, музыка мен жаңарудың мерекесіне қош келдіңіздер!