"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


МАГЖАН ЫСКАК

МАҒЖАН ЫСҚАҚ

Дәстүрлі әнші

Ысқақ Мағжан Дүйсенбекұлы 1994 жылы 1 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Павлодар қаласындағы №19 жалпы орта білім беру мектебінің 9 сыныбын тәмамдап, сонымен қатар №2 балалар музыка мектебінің домбыра сыныбын аяқтаған.

2010 жылы Павлодар қаласындағы музыка колледжінің «Дәстүрлі ән айту» бөліміне оқуға түсіп, 2014 жылы сәтті аяқтаған.

2014-2016 жылдары Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында камералық хор артисі қызметін атқарған.

2016 жылы Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі ән айту» бөліміне оқуға түсіп, 2020 жылы оқуын жақсы нәтижемен тәмамдаған.

Қазіргі уақытта Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының артисі және Павлодар қаласындағы №1 балалар музыка мектебінің «Халық әні» бөлімінің оқытушысы болып қызмет атқарады.

 

Шығармашылық жетістіктері:

– 2013 жылы IX облыстық Дельфийлік ойындарының I орын иегері;

– 2013 жылы Павлодар облысы әкімінің дипломымен марапатталған;

– 2013 жылы Алматы қаласында өткен IX Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының дипломанты;

– 2014 жылы Жаяу Мұса атындағы I республикалық дәстүрлі әншілер байқауының I орын иегері;

– 2018 жылы Майра Шамсутдинова атындағы «Ән еркесі – әнші Майра» қалалық байқауының дипломанты;

– 2018 жылы Естай Беркімбаевтың 150 жылдығына арналған «Жайқоңыр» аспапты ән фестивалінің алғыс хатымен марапатталған;

– 2019 жылы Ұлттық домбыра күніне арналған «Бабамыздан қалған мұра – домбыра» атты қалалық жастар өнер додасының II дәрежелі дипломанты;

– 2023 жылы Естай Беркімбайұлы атындағы «Естай деп атым шықты қалың елге» республикалық дәстүрлі әншілер байқауының дипломанты.

Мағжан Ысқақ – ұлттық музыкалық мұраға құрметпен әрі жанашырлықпен қарайтын жас, талантты орындаушы. Ол дәстүрлі өнердің табиғи болмысын сақтай отырып, заманауи көркемдік ізденістерге ұмтылады, жаңа формалар мен шығармашылық шешімдерді табуға талпынады.

Өзінің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп, өзін-өзі дамытуға жүйелі түрде көңіл бөледі. Жас ұрпаққа білім беріп, ұлттық ән өнеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға үлес қосып келеді. Қалалық және облыстық мәдени іс-шараларға, филармонияның барлық маңызды концерттік жобаларына, мемлекеттік және ұлттық мерекелерге белсенді қатысады.

Өз ісіне адал, жауапты, бастамашыл әрі еңбекқор маман ретінде ұжым арасында сый-құрметке ие.