"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


КҮЙ & JAZZ

2026 жылғы 24 сәуір                                                                 Павлодар қаласы

 

КҮЙ & JAZZ

Р. Омаров оркестірі мен әлемдік жұлдыздардың бірегей концерті

 

Иса филармонияның 85 жылдығына – 85 жарқын концерт!

 

Құрметті павлодарлықтар мен қала қонақтары!

Иса Байзақов атындағы филармония сіздерді маусымның ең көп күтілетін музыкалық оқиғаларының бірі – Павлодар сахнасында алғаш рет өтетін «КҮЙ & JAZZ» концертіне шақырады.

 

Күні: 24 сәуір (жұма)

Басталуы: 19:00

Өтетін орны: Иса Байзақов атындағы филармонияның концерт залы (Назарбаев даңғылы, 1)

 

24 сәуір күні бір сахнада екі әлем тоғысады – қазақ күйінің терең философиясы мен джаз импровизациясының шексіз еркіндігі. Көрермендер дәстүр мен заманауи бағыттың жанды үндестігінен туған батыл шығармашылық эксперименттің куәсі болады. Кештің басты кейіпкерлері – Рүстем Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі және халықаралық деңгейдегі жұлдыздар.

«Павлодарға Қазақстанның жетекші камералық ұжымдарының бірі – Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік академиялық ішекті квартет келеді. Арнайы қонақ – маэстро Талғат Кәрімовтің досы, – канадалық композитор әрі пианист Дэвид Брэйд. Ол академиялық дәстүр мен джаз табиғатын еркін ұштастыратын танымал шебер. Оның туындылары әлемнің ең беделді сахналарында орындалып, орындаушылық мәнері терең ой мен импровизациялық еркіндігімен ерекшеленеді», - деп хабарлады филормонияда.

Концерт бағдарламасы – нағыз музыкалық саяхат: күй жауһарларынан әлемдік классика інжу-маржандарына дейін. Антонио Вивальди, Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Амадей Моцарттың керемет туындылары, соның ішінде әйгілі «Кішкентай түнгі серенада» орындалады. Ал Джакомо Пуччини операларынан үзінділер көрерменге тосын тембрлік шешімде – прима-қобыздың орындауында ұсынылады.

«Кеш қонақтарын ерекше музыкалық коллаборация күтеді: қобыз бен домбыра сынды көне аспаптар скрипка, виолончель және рояльмен үндесе отырып, жаңа бояуда естіледі. Бұл – музыка жанр мен дәуір шекарасынан асып, тікелей жүрекке жол табатын кеш болмақ. Солистер – оркестрдің жас әрі дарынды артистері – виолончелист Даниил Петерс және қобызшы Айгерім Аяпова», - деп атап өтті үйымдастырушылар.

Бағдарламада қазақстандық киноның сүйікті әуендері де ерекше орын алады. Александр Зацепиннің музыкасына жазылған «Біздің сүйікті дәрігер» және «Тақиялы періште» фильмдерінің әндері филармонияның жетекші солистері Алмас Мұкатай мен Айбар Ашкеевтің орындауында шырқалады.

Қадірлі достар! Сіздер үшін бұл дәстүр жаңаша тыныс алып, жаңа музыкалық кеңістікке жол ашатын сәттің куәсі болудың сирек мүмкіндігі. Уақытты жіберіп алмаңыздар, билеттерді алдын ала алып, мерейтойлық маусымның ең жарқын кештерінің біріне айналатын бұл концертті бірге қарсы алайық!

МАҢЫЗДЫ! Концерт басталғаннан кейін 10 минуттан соң зал есігі жабылады. Сусындар мен тағамдармен кіруге қатаң тыйым салынады!

Билеттер филармония кассасында және Ticketon.kz онлайн-сервисінде қолжетімді

 

Байланыс телефондары: 8 (7182) 22-80-87, +7-775-593-08-97

Эл. пошта: isa.baizakov2012@yandex.kz