"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


КАРИМОВ ТАЛГАТ БАРИТОВИЧ

КӘРІМОВ ТАЛҒАТ БӘРІТҰЛЫ

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрідің көркемдік жетекшісі және бас дирижері

Кәрімов Талғат Бәрітұлы 1972 жылғы 20 шілдеде Павлодар облысы Май ауданында дүниеге келген.

1996 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «Концерттік орындаушы, оқытушы» мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық музыка академиясында білімін жалғастырып, 2002 жылы «Оркестр дирижерлеу» мамандығы бойынша диплом алды.

2014 жылы Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінде магистрлік диссертациясын қорғап, өнертану магистрі дәрежесіне ие болды.

Еңбек жолын 1993 жылы КСРО Халық әртісі, «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Тілендиев атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптар оркестрінде бастаған. 1996-1997 жылдары Чайковский атындағы Павлодар музыкалық колледжінде қазақ ұлт аспаптар бөлімінің оқытушысы болды. 1997-1999 жылдары осы оқу орнында қазақ ұлт аспаптар кафедрасының меңгерушісі, 1997-2000 жылдары қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері қызметтерін атқарды.

1998-2000 жылдары Павлодар қалалық мәдениет сарайында қазақ ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі, 2000-2002 жылдары Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды.

2001 жылдан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Орындаушылық өнер» кафедрасының доценті, Естай атындағы студенттік филармония жанындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері қызметтерін атқарды.

2007-2012 жылдары Павлодар қаласы әкімдігінің Естай атындағы мәдениет үйінде қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 2007 жылдың тамыз айынан бастап Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылған күнінен бері оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып қызмет етіп келеді.

2012 жылы Оңтүстік Корея Республикасында өткен Cultural Partnership Initiative (CPI) халықаралық мәдени алмасу бағдарламасы аясында Корея ұлттық театрында тағылымдамадан өтті.

2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері.

Еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды:

– 1998 жылы Павлодар облысы әкімінің алғыс хаты;

– 1999 жылы облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы;

– 2000 жылы  Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты;

– 2003 жылы ҚР мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы;

– 2005 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төсбелгісі;

– 2008 жылы «Қазақстан Республикасының үздік музыка ұстазы» байқауының Гран-при иегері;

– 2010 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы алтын медаль;

– 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған медаль;

– 2016 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы;

– 2018 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы.

Оркестрдің қатысуымен өтетін концерттер көрерменге әрдайым жоғары көркемдік деңгейімен, ұлттық рухымен және әсерлі орындаушылығымен ерекшеленеді. Ұжым халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық мәдени іс-шаралардың тұрақты қатысушысы.

2014 жылы Түркия Республикасында өткен түркітілдес халықтар мәдениеті фестивалі аясында Трабзон, Самсун, Амасья, Анкара, Болу және Ыстанбұл қалаларында жоғары деңгейде өнер көрсетті. 2016 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі – 2016» халықаралық фестивалінде Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі қатысқан 11 ұжымның ішінен І орын иеленді.