"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


КАНАЕВА АЙНУР БАКЫТОВНА

ҚАНАЕВА АЙНҰР БАҚЫТҚЫЗЫ

Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі

Қанаева Айнұр Бақытқызы 1975 жылғы 22 наурызда Павлодар облысы Май ауданына қарасты Белогорье ауылында дүниеге келген.

1990 жылы П.И. Чайковский атындағы Павлодар музыкалық училищесінің «Қазақ халық аспаптары» бөліміне оқуға түсті. Ол 1989 жылы ашылған прима-қобыз сыныбының алғашқы студенттерінің қатарында болды. 1994 жылы музыкалық училищені үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға оқуға қабылданды.

1992 жылы Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында Қазақ халық аспаптар оркестрі ашылуына байланысты ұжым құрамына Павлодар қаласының музыканттары, Алматы және Семей қалаларынан келген консерватория түлектері мен музыкалық училище студенттері шақырылды.

Еңбек жолын 1992 жылғы 20 тамызда Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында бастады. Оркестрдің ресми тұсаукесеріне дейін облыс аудандары мен қалада бірқатар концерттер өткізілді.

1993 жылы Алматы қаласында Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония сахнасында оркестрдің ресми таныстырылымы өтті. Концерт бағдарламасында Құрманғазының «Серпер», Тәттімбеттің «Саржайлау», К.Құмісбековтің «Қорқыт туралы аңыз», Әшімтайдың «Қоңыр қаз», М.Глинканың «Вальс-фантазия», Н.Будашкиннің «Домбыра мен оркестрге арналған концерті», И.Штраустың «Полька-пиццикато» секілді шығармалар орындалды. Бұл ұжым Павлодар облысы тарихындағы тұңғыш кәсіби қазақ халық аспаптар оркестрі болды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Айдаболов Мырзағали Рахимұлы Павлодар қаласындағы музыкалық білім беру ісінің дамуына зор үлес қосты.

1995 жылы П.И. Чайковский атындағы Павлодар музыкалық училищесіне қазақ халық аспаптары бөлімінің прима-қобыз сыныбы бойынша оқытушы болып қабылданды. 2005 жылы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының ашылуына атсалысып, осы білім ордасында бүгінгі күнге дейін еңбек етіп келеді. Ұстаздық қызметі барысында 40-қа жуық дарынды шәкірт тәрбиелеп, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттарын дайындады.

2016 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» атағына ие болды. Еңбегі түрлі марапаттармен атап өтілген: қала мәдениет бөлімінің Алғыс хаттары; Павлодар облыстық мәслихаты мен Павлодар қаласы әкімінің Алғыс хаттары (2010, 2011 жж.); Қазақстан Республикасы министрлігінің Құрмет грамотасы (2012 ж.); Павлодар қаласы білім бөлімінің грамотасы (2012 ж.); облыстық білім басқармасының Алғыс грамотасы (2019 ж.); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары (2019, 2021, 2022 жж.); Павлодар қаласы білім бөлімінің грамотасы (2022 ж.); Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы (2022, 2023 жж.); облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаты (2022 ж.); білім басқармасының грамотасы (2022 ж.); мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының грамотасы (2022 ж.); Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы (2024 ж.).