
БЕКОВ НҰРЛАН БАЛҒАБАЙҰЛЫ
ҚР мәдениет саласының үздігі
«Шернияз» би ансамблінің көркемдік жетекшісі
Беков Нұрлан Балғабайұлы 1975 жылғы 29 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Хореография өнеріне жасөспірім шағынан бастап қызығушылық танытып, аңызға айналған хореограф Анатолий Ефимович Лобановтың жетекшілігімен «Павлодарочка» халық ансамблінің құрамында би биледі.
1997 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хореография факультетіне «Хореография режиссурасы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Оқуымен қатар еңбек жолын «Алтынай» мемлекеттік фольклорлық ансамблінде бастады. Екі жылдан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде әртіс әрі балетмейстер ретінде қызмет етті.
2000-2002 жылдары ұжымның көркемдік жетекшісінің шақыруымен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінде еңбек етті.
2003 жылы хореография режиссері мамандығы бойынша жоғары білім туралы дипломын алып, Павлодар қаласына оралды. Осы кезеңде кәсіби хореограф Федосов Владимир Ильичпен бірлесіп «Кең дала» әуесқой би ансамблін құрды. Кейін бұл ұжым «Нұр» кәсіби би ансамблі мәртебесіне ие болды. Ансамбль Қазақстанның түрлі өңірлерінде және жақын шетелдерде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетті.
2009 жылы «Достық үйі» жанынан жұбайы, хореограф Бекова Шахадат Абдулетиповнамен бірлесіп «Шернияз» кәсіби құрама би ансамблін құрды.
2019 жылы ансамбль Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының шығармашылық құрамына қабылданды.
2021 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» атағымен марапатталды. Екі баланың әкесі.