
АЛМАС МҰҚАТАЙ
Классикалық әнші
Мұқатай Алмас Қизатұлы 1999 жылғы 17 маусымда Павлодар облысы Май ауданының Көктөбе ауылында дүниеге келген.
2006–2014 жылдары Көктөбе жалпы білім беретін мектебінде оқыды. 2014 жылы Дарынды балаларға арналған музыкалық колледжге түсіп, 2018 жылы вокалдық өнер бөлімін тәмамдады. Сол жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына «Академиялық вокал» мамандығы бойынша қабылданды. Оқу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі опера әншісі Бейiмбет Қожабаевтың сыныбында білім алды. Студенттік жылдары республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды.
2022 жылы туған өлкесіне оралып, Мәдени-демалыс орталығында еңбек жолын бастады. Осы кезеңде «Май әуендері» халықтық фольклорлық ансамблінің, «Ақсәулем» вокалды-аспаптық ансамблінің құрамында өнер көрсетті, сондай-ақ жеке солист ретінде өнер көрсетті.
2022 жылдан бастап Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының солисі. 2022 жылдан бастап Дарынды балаларға арналған музыкалық колледж – музыкалық мектеп-интернатта «Вокал» пәнінің оқытушысы;
Шығармашылық жетістіктері:
– 2021 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған, Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ерліктің ұлы әндері» облыстық әскери-патриоттық әндер байқауының I орын иегері;
– 2022 жылы Алтынбек Абылқасов атындағы ІІ облыстық «Өшпес жұлдыз жүректе» байқауының бас жүлдегері;
– 2022 жылы «Романсиада» халықаралық байқауының қатысушысы;
– 2023 жылы Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы басшылығының Алғыс хатына ие болды;
– 2024 жылы Тараз қаласында өткен IV Халықаралық орындаушылық шеберлік байқауының дипломанты.
Алмас Мұқатай қалалық және облыстық деңгейдегі концерттік іс-шараларға белсенді қатысады. Кең дүниетанымымен, жоғары кәсіби даярлығымен, жауапкершілігімен және өз ісіне адалдығымен ерекшеленеді. Ол кәсіби деңгейін жүйелі түрде арттырып, орындаушылық шеберлігін және шығармашылық әлеуетін үнемі жетілдіріп келеді.