
АЙБАР АШКЕЕВ
Классикалық әнші
Ашкеев Айбар Мұратұлы 1997 жылғы 27 қаңтарда Екібастұз қаласында дүниеге келген. Музыкаға ерте жастан қызығушылық танытқан. 2021 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Шабытты» тәмамдады.
Айбардың дауысы жарқын тембрімен, кең диапазонымен және сахналық тартымдылығымен ерекшеленеді. Оның әрбір өнер көрсетуі эмоциялық тереңдігімен, шынайылығымен және жоғары орындаушылық шеберлігімен көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.
2023 жылдан бастап – Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының солисі. Орындаушының репертуарында қазақстандық және шетелдік композиторлардың классикалық, эстрадалық шығармалары, сондай-ақ халық әндері бар. Айбар жоғары тәртіптілігімен, мақсаткерлігімен, өз ісіне жауапкершілікпен қарауымен және әріптестері мен көрерменге деген құрметімен ерекшеленеді.
Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты ретінде ол концерттік бағдарламаларға, гастрольдік сапарларға, қайырымдылық акциялар мен салтанатты іс-шараларға белсенді қатысып, филармония мен Павлодар облысының абыройын жоғары деңгейде танытып келеді.
Шығармашылық жетістіктері:
– 2013 жылы «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Республикалық Дельфий ойындарының жүлдегері;
– 2014 жылы Павлодар қаласында өткен Облыстық Дельфий ойындарының I жүлдегері;
– 2015 жылы – I дәрежелі лауреат, Мәскеу қаласы, Ресей;
– 2015 жылы «Жас қанат» республикалық байқауының финалисі әрі дипломанты;
– 2015 жылы IX Халықаралық тарихи-мәдени мұра фестивалі «Искер-Жиынның» қатысушысы;
– 2016 жылы «Вокал-соло» номинациясы бойынша Гран-при иегері, Түмен облысы, Ресей;
– 2017 жылы IV Ашық Бүкілресейлік жас орындаушылар байқауы «Орфейдің» I дәрежелі лауреаты (Челябі қаласы, Ресей);
– 2017 жылы IX Аймақаралық татар мәдениеті фестиваль-байқауы «Себер Йолдызларының» I дәрежелі лауреаты;
– 2017 жылы Халықаралық телевизиялық жас орындаушылар байқауы «Татар моңының» I орын иегері (Қазан қаласы, Татарстан);
– 2018 жылы Дж. Россини атындағы XV Халықаралық байқаудың дипломанты (Пезаро қаласы, Италия);
– 2018 жылы Прага қаласында өткен XV Халықаралық байқаудың II орын иегері (Чехия);
– 2019 жылы «Жібек жолы» халықаралық байқауының III орын иегері (Павлодар қаласы);
– 2025 жылы Алматы қаласында өткен «Ұнайды маған» телевизиялық жобасының қатысушысы.
Айбар Ашкеевтің қатысуымен филармония сахнасында «Мелодия любви», «Үш баритон», «Париждегі Жаңа жыл», Musica vita mia, «Құстар әні» сынды концерттер жоғары деңгейде өтті. Аталған бағдарламалардың бірқатарына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева дирижёрлік етті. Ол сондай-ақ мемлекеттік мерекелерге арналған ауқымды концерттік бағдарламалардың тұрақты қатысушысы. Осындай маңызды өнер көрсетулердің бірі Республика күніне орай қала мәдениет сарайының сахнасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожинмен бірлескен нөмірде өтті.
Филармония ұжымы Айбар Ашкеевті кез келген концерттік бағдарламаны көркемдей алатын, кәсіби, бастамашыл және шығармашылық тұрғыдан ойлайтын артист ретінде жоғары бағалайды.