"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


Аян Әби мен Даниил Колесников – Қазан қаласындағы беделді байқаудың жеңімпаздары

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы артистері Аян Әби мен Даниил Колесников Қазан қаласында өткен XV халықаралық хореографиялық «Зажги свою звезду!» фестиваль-байқауында Қазақстан өнерін лайықты деңгейде танытты. Татарстан астанасында павлодарлық бишілер қазақтың ұлттық нақыштағы авторлық қойылымдарын шебер орындап, көрермендер мен кәсіби қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

«Халықтық хореография үлгілері» номинациясында Аян мен Даниил дуэтте жігерлі «Балбырауын» қазақ биін билеп, І орынды жеңіп алды. Құрманғазының аттас күйіне қойылған бұл хореографиялық туынды қуаныш, еркіндік пен тәуелсіздік рухын, сондай-ақ Ұлы даланың серілеріне тән асқақ сезім мен жігерлі болмысты бейнелейді. Би шапшаң ырғағымен және қуатты энергиясымен ерекшеленеді.

«Біз Қазанға келген кезде қала көшелерін бұрын-соңды болмаған қалың қар басып қалған екен. Көп көлік қар астында қалып, жолдар нағыз лабиринтке айналған – мұндайды бізде де көрмеппін. Дегенмен, жаз мезгілінде мұнда ерекше атмосфера орнайтын сияқты. Байқау өте жоғары деңгейде өтті: ұйымдастырушылар да, қатысушылар да өте жылы шырай танытты. Біз Даниил екеуміз ашылу салтанатына қатысып, кейін Гала-концертке де шақырылдық», – деп бөлісті Аян Әби.

«Халық биі» номинациясында Аян Әби әйгілі әнші Жаяу Мұса бейнесін сахнада жарқын әрі өзіндік қырынан сомдады. Баянауыл өңірінен шыққан халық артисінің кеңінен танымал «Ақ сиса» әніне қойылған биі үшін оған І дәрежелі диплом табысталды.

Даниил «Стильденген халық биі» номинациясында кәсіби топ арасында жеке өнер көрсетіп, «Ұлы Дала ұланы» атты әсерлі қойылымымен бас жүлдені иеленді.

«Байқаудағы жанрлық алуандылық ерекше ұнады: заманауи хореография мен халық биі элементтері ұштасқан нөмірлер көп болды. Әр ұжымның өңірлік ерекшелігі қимыл-қозғалысынан, костюмінен, музыкасы мен фольклорлық сарындарынан анық байқалды. Өзіме Шахтерский огонек ұжымын ерекше атап өттім – олардың ансамбльдік те, дуэттік те, ерлер солосы мен қыздар триосы да қызықты қойылған. Жалпы, байқау өте әсерлі өтті. Ең бастысы – біз өзімізді танытып, ұжымымызды, Павлодар өңірін және еліміздің бай хореографиялық дәстүрін лайықты көрсете алдық», – деп әсерімен бөлісті Даниил Колесников.

Аян мен Даниил – Павлодар облысындағы ең ірі кәсіби хореографиялық ұжым – «Нұр» би ансамблінің артистері. Ансамбльді Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Айгүл Даирбаева басқарады.

Қазан қаласындағы байқауды «СВЕТОЧ» халықаралық шығармашылық жобасы мен Содружество халық мәдениетін қолдау және дамыту қайырымдылық қоры ұйымдастырды.