"Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны


Таза Павлодар: Иса атындағы филармонияда алғашқы көктемгі сенбілік өтті

Таза Павлодар: Иса атындағы филармонияда алғашқы көктемгі сенбілік өтті

Таза Павлодар: Иса атындағы филармонияда алғашқы көктемгі сенбілік өтті

 

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында іргелес аумақты ауқымды көктемгі тазалау жұмыстары басталды. Тазалық эстафетасын алғаш болып камералық хор артистері мен өңірдің басты концерттік-гастрольдік ұйымы әкімшілігінің қызметкерлері қабылдады. Ұзақ қыс мезгілінен кейін филармония аумағы айтарлықтай жаңарып, шуақты күн игі бастаманың символдық көрінісіне айналды.

«Біз үшін сенбілікке алғашқылардың бірі болып шығу үлкен мәртебе. Қазір жақсылап еңбек етіп, бірден Ақтөбеге – «Жұбанов көктемі» халықаралық хор музыкасы фестиваліне жол тартамыз. Онда облысымыздың мәдениеті мен өнерін таныстырамыз. Артистер бұл бастаманы үлкен ықыласпен қолдады, өйткені жолға аттанар алдында ортақ іске өз үлесімізді қосып, азаматтық борышымызды орындадық деген сезіммен шығу маңызды. Бұл шынымен де өте маңызды. Біз үлгі көрсеткіміз келеді: қаланың тазалығы әрқайсымызға байланысты», – деді камералық хордың көркемдік жетекшісі және дирижері, Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Мадина Нұрғожинова.

Сенбілікке қатысушылар үшін жылы әрі мерекелік көңіл күй қалыптастырылды: көңілді әуендер аясында баршаға ыстық шай, бауырсақ пен тәттілер ұсынылды. Ерекше атмосфераны артистердің өздері де айшықтай түсті: жұмыс барысында камералық хордың талантты өнерпаздары «Дос-Мұқасан» аңызға айналған тобының хит әндерін акапелла орындады. Бұл сенбіліктің сәнін кіргізіп, маңайдан өтіп бара жатқан тұрғындар сүйікті әндерін естіп, жымиып, қосыла ән айтып, тіпті билеп те кетті.

Артистер жаңа шығармашылық бастамамен де бөлісті. Филармонияның 85 жылдығына орай ұжым ашық аспан астында өтетін түнгі концерттер сериясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Филармония жанында жайлы жасыл сквер орналасқан. Мұндай орын кешкі серуендер мен жанды музыкаға арналған кездесулер үшін таптырмас кеңістік. Мұнда отбасылар, жастар, аға буын өкілдері жиі серуендейді. Біз ойландық: неге қала тұрғындарына осындай форматта жанды музыка сыйламасқа? Мысалы, Еуропада бұл – бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Бізде де жақсы дәстүрлердің бірі қалыптасып, мәдени кеңістік кеңейеді деп сенеміз. Алғашқы концерттерді мамыр айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – филармония мерейтойына орай тартуымыз әрі қала тұрғындарын шынайы жоғары өнерге жақындатуға қосқан үлесіміз», – деді филармония басшысы Амангелді Қожанов.

Бүгін артистер аумақтың сыртқы бөлігін ретке келтірді: өткен жылғы жапырақтар, қарағай бүрлері мен қураған бұтақтар жиналып, 100-ден астам қап шығарылды. Экологиялық эстафета жалғасын табады: алдағы сенбіліктерге өзге де шығармашылық ұжымдар қатысады. Сондай-ақ бос учаскелерге сәндік гүлдейтін бұталардың көшеттерін отырғызу жоспарлануда.