Коммунальное государственное казенное предприятие "Павлодарская областная филармония имени Исы Байзакова"


Павлодарлық камералық хор «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты

Павлодарлық камералық хор «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты

Павлодарлық камералық хор «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты

Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармония камералық хорының артисттері Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі» халықаралық фестивалінде өңірдің музыкалық өнерін лайықты деңгейде таныстырды. Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Мадина Нұрғожинованың жетекшілігіндегі шығармашылық ұжым бірнеше тың әрі әсерлі нөмір ұсынды. Ал аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының әндерінен құралған попурри орындалғанда, көрермендер залды дүр сілкіндірген қошеметке бөледі. Жиналған жұрт әнге қосылып, кейбірі тіпті би билей жөнелді.

Қазылар алқасының құрамына отандық мамандармен қатар Түркия мен Оңтүстік Кореядан келген көрнекті мәдениет қайраткерлері енді. Жоғары орындаушылық шеберлігі, өзіндік ерекшелігі және хор өнерінің дәстүрлеріне деген ұқыпты көзқарасы үшін павлодарлық артисттер II дәрежелі дипломмен марапатталды.

Айта кету керек, Ақтөбеге сапар алдында ұжым мүшелеріне арнайы жаңа концерттік костюмдер тігілді. Көркем безендірілген сахналық киімдердің авторлары – филармонияның костюмерлері мен қаладағы ең көне «Стиль» ательесінің шеберлері.

«Хор фестиваліндегі өнер көрсетуіміз ерекше жылы әрі шабыт сыйлаған сәт болды. Ұжым біртұтас, әсерлі әрі шынайы музыкалық деңгейде үн қатты. Біз шығармалардың сипатын да, эмоциялық тереңдігін де жеткізе алдық деп ойлаймын. Хор ішіндегі өзара түсіністік пен көрерменнің ықыласы қуантты. Бұл бізді сахнаға жетелейтін басты себеп. Барлық қатысушыларға еңбегі мен бірлескен шығармашылығы үшін алғыс айтамын», - деді ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мадина Нұрғожинова.

Сондай-ақ ол жерлестеріне және Иса Байзақов атындағы филармония әкімшілігіне көрсеткен үлкен қолдауы мен ықыласы үшін ризашылығын білдірді. Павлодар мен Ақтөбе арасы шамамен екі мың шақырымды құрайды. Ұжымды толық құрамда батыс өңірге алып бару үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде өткен халықаралық хор фестивалі Қазақстан кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылды.