Коммунальное государственное казенное предприятие "Павлодарская областная филармония имени Исы Байзакова"


Наурызға ерекше тарту: филармонияға 3D-қобыз сыйға берілді

Наурызға ерекше тарту: филармонияға 3D-қобыз сыйға берілді

Наурызға ерекше тарту: филармонияға 3D-қобыз сыйға берілді

 

Наурыз мерекесі қарсаңында павлодарлық артисттер ерекше сыйлыққа ие болды. Жас 3D-инженері Иван Могер принтерде қылқобыз жасап, ең алдымен оны кәсіби музыканттарға таныстырды.

«Аспап өте жақсы шыққан. Ол ағаштан емес, пластиктен жасалғанына қарамастан, сыртқы келбеті нағыз қобызға ұқсайды. Ең бастысы - дыбысы да бар. Әрине, кәсіби шеберлер жасаған дәстүрлі аспаптардағыдай толыққанды үн бермейді, дегенмен Иван үлкен еңбек еткен. Оның сауатты, талантты әрі іске шығармашылық тұрғыдан қарағаны көрініп тұр. Біз алғаш рет 3D-принтерде жасалған қобызды көрдік. Тамаша идея, әрі зор еңбектің нәтижесі. Мүмкін, 15-20 жылдан кейін оркестрлер заманауи нанотехнологиялар негізінде жасалған аспаптарда ойнайтын болар. Неге болмасын? Прогресс тоқтамайды, бұл - тек бастамасы», – деді Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, маэстро Талғат Кәрімов аддитивті инженердің жұмысын бағалап.

Жұмысқа кіріспес бұрын Иван бірнеше ай бойы осы көне қазақ аспабының құрылымы, дыбыстық ерекшелігі және шығу тарихын мұқият зерттеген. Оның жасаған қобызының салмағы шамамен 1 килограмм, ал құрылымы 32 бөлшектен тұрады.

«Маған әсіресе Қорқыт ата туралы аңыз қатты әсер етті. Аңызда данагөй қобыз тартқанда, оған келген ажалдан киелі әуен қорғайды делінеді. Бұл – музыка мен өнердің алдында уақыт та, тіпті өлім де дәрменсіз дегенді білдіретін символ. Сондықтан бұл көне аспаптың қасиеті ерекше. Оның үні адамның жан дүниесін баурап алады. Мен оны әлемдегі ешбір аспаппен салыстыра алмаймын», – дейді 24 жасар Иван Могер.

Қобыздың пайда болуы Ұлы даланың ұлы ойшылы Қорқыт атаның есімімен байланысты. Бұл дала өркениетіндегі ең көне ысқылы музыкалық аспаптардың бірі. Оның терең әрі тылсым үні ғасырлар бойы эпостық жырларды, салт-дәстүрлерді және көшпелі мәдениеттің рухани мұрасын сүйемелдеп келген.

XX ғасырдың басында қазақ музыкалық аспаптарын жасау дәстүрі Баянауылдан шыққан көрнекті шебер Қамар Қасымов еңбегінің арқасында жаңа серпін алды. Оны жиі «қазақ музыкалық аспаптарының атасы» деп атайды. Ол домбыра мен басқа да ұлттық аспаптарды жетілдіріп, кәсіби сахна мен оркестрлік орындауға бейімдеді, сондай-ақ аспаптарды ұлттық ою-өрнекпен безендіру дәстүрін енгізді. Сөйтіп Қазақстандағы аспап жасаушы шеберлердің заманауи мектебінің негізін қалады.

Бір қызығы, шебер жасаған қобыздардың біріне кезінде оның есімін беріп, «Қамар-қобыз» деп атау туралы ұсыныс болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасынан Өнер істері басқармасына жолданған, 1940 жылғы 17 сәуірде жазылған хаттың түпнұсқасы және басқа да сирек құжаттар Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы.

Бүгінде бұл символикалық сабақтастық жаңа мазмұнмен жалғасып отырғандай. Цифрлық технологиялар дәуірінде Павлодарда көне аспапты заманауи тәсілмен қайта жасауға талпыныс жасаған жас 3D-инженер пайда болды.

Наурыз қарсаңында Иван жасаған қобызын филармония артисттеріне сыйға тартты. Айта кету керек, бұған дейін ол 3D-принтерде пластиктен домбыра жасап, өткен жылы оны Павлодар музыкалық колледжіне табыстаған.

«Бірде филармонияда өткен концертте қазақ халық аспаптары орындалды. Сол кезде алғаш рет ұлттық музыкалық мұрамыздың ғажайып әлемін аштым. Бұл аспаптардың үні мені қатты таңғалдырды. Өзім гитарада әуесқой ретінде ойнаймын, бірақ мұнда мүлде басқа әсер алдым. Содан кейін қызығушылығым оянып, зерттей бастадым да, үйде принтер арқылы домбыра жасап көрдім. Домбыра – танымал әрі кең тараған аспап. Ал қобызды жасау үшін біраз тер төгуге тура келді. Оның құрылымы туралы мәлімет өте аз. Домбыраға қатысты ағашқа арналған сызбалар мен өлшемдерді табуға болатын еді. Ал қобыз үшін ертеректе жарық көрген сирек кітаптарды, көне фотосуреттерді іздедім. Өйткені қобыздың түрлері де, әр дәуірдегі пішіні де аздап өзгеріп отырған. Соның нәтижесінде кәсіби музыканттар айтқандай, аспаптың өлшемін барынша дәл келтіруге тырыстым, ол түпнұсқа қобызға өте ұқсас шықты деп ойлаймын», - дейді Иван.

Оның атасы Анатолий Могер Павлодар трактор зауытында еңбек еткен инженер-конструктор болған.

«Жаңа нәрсе ойлап табуға, құрастыруға деген қызығушылығым, бәлкім, атамнан дарыған шығар. Бала кезімде оның үнемі бір нәрсе жасап отырғанын көретінмін. Менің отбасым интернационалды: әкем – неміс, анам – украин. Ал өзімді Қазақстанның патриотымын деп санаймын. Мен осы жерде дүниеге келдім, ата-бабаларым да осы жерде өмір сүрді. Сондықтан ұлттық дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, әсіресе қазақ музыкасын өте құрметтеймін. Сол мұраны өз мүмкіндігімше насихаттауға тырысып жүрмін», – дейді Иван.

Айта кету керек, филармония музыканттары әзіл ретінде жаңа аспапқа бейресми атау да ойлап үлгерген. Олар әйгілі жерлес шебер Қамар Қасымовтың тарихын еске алып, оны «Иван-қобыз» деп атап жүр.

Кім біледі, бәлкім дәл осындай көне дәстүр мен жаңа технология тоғысқан тәжірибелер қазақ музыкалық мәдениетінің бай мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін шығар.

Артисттермен әңгімелесу барысында, биыл күзде филармония өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтетінін естіген Иван жаңа бір қызықты идея ойластырып жүргенін де жасырмады. Алайда әзірге ол ойын құпия сақтауды жөн көріп отыр.