.jpeg)
Канадалық танымал музыкант Иса филармониясында өнер көрсетті
Мерейтойлық жылы Иса Байзақов филармониясы көрермендерін жарқын концерттермен және тосын шығармашылық кездесулермен қуантуды жалғастыруда. Бұл жолы ерекше кешті өңірдегі бірегей кәсіби ұжым – Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ұсынды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімовтің жетекшілігіндегі ұжым халық әуендері, қазақ және еуропалық классика мен джаз элементтері үйлескен әсерлі бағдарламаны көрерменге тарту етті. Кешке арнайы қонақ ретінде Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті және канадалық композитор, джаз пианисі Дэвид Брэйд шақырылды.
«Мен Қазақстанды төрт жыл бұрын танып, осы елге шын жүректен ғашық болдым. Ұлттық музыканың бояуы мен философиясы, күйлердің тереңдігі ерекше әсер қалдырады. Мұндағы мәдени әртүрлілік пен адамдардың ашықтығы, музыкалылығы таңғалдырады. Залдағы көрермендердің ықыласын, әр дыбысқа деген сезімтал қабылдауын көріп, ерекше әсер алдым», - деді Дэвид Брэйд.
Бұл пікірді Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев та қолдайды.
«Павлодарға әр келген сайын ерекше қуаныш сезінеміз. Қала әдемі, мұнда талантты музыканттар жұмыс істейді. Олармен бірге өнер көрсету әрдайым ғанибет. Филармонияның камералық залы да, көрермені де ерекше. Біз көп гастроль жасаймыз, жақында ғана әлемдік турнеден оралдық. Павлодарлық көрерменнің орны бөлек. Олардың ықыласы, тыңдау мәдениеті, залдағы атмосфера – бәрі бірден сезіледі. Көрерменнің шынайы ықыласы әр артист үшін ең үлкен сый. Оркестрге, маэстро Талғат Кәрімовке, филармония басшысы Амангелді Қожановқа, барлық музыканттар мен техникалық қызметкерлерге алғысымыз шексіз. Филармонияны мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз», - деді Ернар Мыңтаев.
Квартет павлодарлық көрерменге XVIII-XIX ғасырлардағы еуропалық шеберлер жасаған көне аспаптарда өнер көрсетті. Бұл аспаптардың үні нәзік, терең әрі ерекше бояуға ие.
«Күй & Jazz» концерті аясында мерейтой иелері композиторлардың туындылары, қазақ музыкасы жаңа оркестрлік өңдеуде және әлемдік классика орындалды. Кейбір шығармалар филармония сахнасында алғаш рет шырқалды. Солардың бірі Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсындағы Каварадосси ариясы. Прима-қобыз партиясын мульти-инструменталист Айгерім Аяпова орындады.
«Бұл – премьера, көрерменге арналған сыйымыз. Павлодарлықтар ерекше тарихи сәттің куәсі болды деуге болады. Себебі қазақ халық аспаптар оркестрі бұл шығарманы алғаш рет орындап отыр. Енді бұл туынды репертуарымыздан өз орнын табады деп сенеміз», - деді концертмейстер Айгерім Аяпова.
Маэстро Талғат Кәрімов жас музыканттарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бұл кеште оркестрдің виолончелисі Даниил Петерс, музыка колледжінің 3-курс студенттері – кларнетші Рахат Құрбан мен сопрано Әдия Жолдасбек өнер көрсетті. Сондай-ақ филармонияның жетекші солистері, белгілі баритондар Алмас Мұқатай мен Айбар Әшкеев көрермен ықыласына бөленді. Концертмейстер – музыка колледжінің фортепиано бөлімінің оқытушысы Назерке Достова.
Кеш барысында филармония артисі Ұғыбайдолла Мұфтанның жаңа оркестрлік өңдеулері, сондай-ақ Талғат Кәрімовтің авторлық «Jazz иірімі» шығармасы орындалды. Қонақтар классикалық және заманауи туындыларды жоғары деңгейде орындап, көрерменді тәнті етті. Концерт Иса Байзақовтың әйгілі «Желдірмесімен» қорытындыланды.
Көрермендер ұзақ уақыт бойы артисттерді сахнадан жібермей, қошемет көрсетіп, гүл шоқтарын табыстады. Сапар аясында Дэвид Брэйд шағын мастер-класс өткізіп, студенттермен жұмыс істеді. Ол кларнетші Рахат Құрбан және трубашы Жасұлан Төрегелдімен бірге джаз шығармаларынан үзінділер орындап, олардың дайындығына жоғары баға берді.
Алдағы уақытта филармония Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік квартетпен және канадалық музыкантпен шығармашылық байланысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Жақын арада симфониялық және джаз оркестрлерінің концерттері 24 және 29 мамырда өтеді.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы
Фото авторы Даулет Арынғазин

.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)